RU

Бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау 20 тамызға дейін ұзартылды

Елімізде карантиндік режимнің ұзартылуына байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау мерзімін 20 тамызға дейін ұзартады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау 20 тамызға дейін ұзартылды
Көрнекі фото: bilim-all.kz: Depositphotos

Бүгінгі күні 350 мыңға жуық өтініш түсті. Олардың басым көпшілігі egov.kz "электрондық үкімет" порталы арқылы қабылданды.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, медициналық анықтамаларды алу кезіндегі қиындықтарға байланысты білім беру ұйымдарына құжаттар тапсыру кезінде оларды ұсынбауға уақытша рұқсат етіледі. Медициналық анықтамаларды мүмкіндік болған кезде тапсыруға болады.

"Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының жазбаша өтініші бойынша, білім беру ұйымында жағдай болса, бірінші тоқсанда қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуі ұйымдастырылатынын естеріңізге саламыз", – деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігі

Айта кетейік, елімізде карантин режимінің ұзартылуына байланысты магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу бұрын-соңды мәлімделгендей 3 тамыз күні емес, 17 тамызда басталады. Сондай-ақ докторантураға түсу үшін құжаттарды қабылдау мерзімі 10 тамызға дейін ұзартылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867603-birinsi-synypka-kzattardy-kabyldau-20-tamyzga-dejin-zartyldy/