Сәтбаевтағы оқиға: Полицияның педофилді үйінен қалай алып шыққаны белгілі болды
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрлігі Сәтбаев қаласында бес жастағы қыз баланы ұрлау оқиғасына қатысты тың деректерді жариялады. Тәртіп сақшылары 23-24 шілде күні болған қылмыстың хронологиясына арналған видео жариялаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
23 шілде күні сағат 21.00-де Сәтбаев қаласының тәртіп сақшыларына бес жастағы қыз баланың жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Бүлдіршін ата-анасымен бірге Жезқазғаннан туыстарының үйіне келген. Сол уақытта оны далаға ойнауға жіберген. Қараусыз қалған қыз жоғалып кетеді. Басында туған-туыстар мен көршілер жарты сағаттай өздері іздеп көрген. Олар қыз баланы бір жерде ойнап жүр деп ойлайды. Бүлдіршінді таба алмаған соң ата-анасы тәртіп сақшыларға хабар берген.
Осыдан кейін полиция бөлімінің барлық қызметкері аяғына тір тұрды. Кішкентай қыздың жеке мәліметтері жан-жақты таратылып, іздеу шаралары басталды.
Бүлдіршіннің жоғалғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілер арқылы жылдам тарап кеткені белгілі болды. Іздеу шараларына еріктілер мен қарапайым тұрғындар да қатысқан екен. Барлығы аула, иесіз қалған үй, жертөле, шатыр, күл-қоқыс жәшіктері, қаланың шеті және тағы басқа жерледі тінтуге кірісіпті.
Тәртіп саұшылары видеожазбаларды қарау арқылы жоғалған қызға ұқсас кішкентай баланың көппәтерлі үйдің кіреберісіне кіргенін көрген. Содан олар әрбір пәтерді қарап шығу туралы шешім қабылдайды.
Қарағанды облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Ернат Қалиақпаровтың сөзінше, пәтер иелерінің барлығы бірдей есікті ашпаған.
"Иә, іздеу шаралары кезінде кейбір пәтердің есігі жабық болды, иелері ашқан жоқ. Заң бойынша біз әрбір есікті бұзып, кіре алмаймыз. Себебі қылмысқа қатысы жоқ тұрғындардың тыныштығы бұзылады", - деп түсіндірді ол.
Бір пәтердің иесі есікті ашқысы келмеген. Ер адам полицияның әрекетіне ашуланып, "ұйқы бермейсіңдер" деп ұрсып тастайды. Алайда тәртіп сақшылары есікті ашуды талап еткен. Иесі мазасызданып жүргенін барынша көрсетпеуге тырысқан көрінеді. Осы кезде жедел топтың өкілдері болса, бірден тінту шараларына кіріседі. Біршама уақыттан кейін кіреберісте тұрған еріктілерді шақырды. Олардың біреуі қызды тығып қойған бөлмеге бірінші болып кірген.
"Подъездің ішінде тұрған уақытта тәртіп сақшылары еріктілерден үш-төрт "гражданский" кірсін деді. Сосын қызметкерлердің артынан мен де кірдім. Маған тіке тұрған есік жабық тұрғандықтан, мен сол есікті аша берген кезде үй иесі ол жаққа болмайды деп, менімен бірге кірді. Тахта-диван тұр екен. Сол тахтаға барып, ашайын деп жатқанда жаңағы жігіт келіп, аяғын тіреп қойды. "Нельзя!" деп, ашуға болмайтынын айтты", - дейді ерікті Батырбек Көбенов.
Диванды көтергенде ішінде кішкентай қыз жатты. Үйдің иесі оны скотчпен байлап, диванның астына тығып қойған.
"Бала өте әлсіз, дәрменсіз күйде болды. Талып қалуға жақын тұрды", - дейді арнайы жасақтың инспекторы Талғат Жолдинов.
Тәртіп сақшылары күдіктіні бірден қолға түсірген. Ал қыздың табылғанын естіген халық қол шапалақтай бастағаны айтылды.
Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, күдіктіні үйден шығару қауіпті болған. Себебі далада жиналған адамдар ашу-ызасын жасыра алмады. Олар ер адамды өздері жазалағысы келген.
Көп пәтерлі тұрғын үйдің алдында мыңдаған адам жиналған. Барлығы жәбірлеушіні беруді талап еткені белгілі болды. Олар ғимараттың барлық кіреберісін жауып тастады.
"Оны жиналған халық арасынан шығарған жағдайда адамдар түгін қалдырмайтын еді, өлтіріп тастайтын еді. Себебі халық ашынып кетті, өз эмоциясын бақылай алмады. Біз екі қабатқа жоғары көтеріліп, оған арнайы жасақтың киімін кигізу туралы шешім қабылдадық", - деді Жолдинов.
Полицейлер халықты барынша сабыр болуға шақырды. Соған қарамастан, ашуға мінген адамдар күдіктінің пәтеріне кіріп, астан-кестенін шығарды. Біршама уақыттан кейін құқық қорғаушылар тәртіп бұзушыларды далаға шығарып, кіреберісті жауып тастады. Сол кезде полицейлер екінші қабаттағы көршінің пәтері арқылы күдіктіні үйдің артқы жағынан шығарып алды. Осылайша, қаланың сыртына апарып тастады.
Күдікті табылмағаннан кейін бұзақылық басталған. 24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында тас-таяқпен қаруланған жастар бес жастағы қызды зорлады деген күдікпен ұсталған адамды жазалаймыз деп, полиция ғимаратына кіруге әрекеттенген. Бәрін қиратып, айтарлықтай материалдық зиян келтірді.
Бүгінде Қылмыстық кодекстің үш бабы ("Бұзақылық", "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру", "Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғушылық") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
"Қазіргі уақытта бұзақылық әрекеттерді ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушылар анықталып, ұсталды. Уақытша ұстау изоляторына 15 адам қамалды", - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 23 шілде күні түнде Сәтбаев қаласында 5 жастағы қыз бала жоғалып кетіп, кейін бөтен пәтерден табылды. Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстаған, алайда жергілікті тұрғындар оны өздеріне беруді талап еткен.
Ал 24 шілде күні орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтбаев қаласындағы жағдайға байланысты түсініктеме берген.
Осыдан кейін бүлдіршіннің ата-анасы үндеу жасап, ел тұрғындарынан жалған ақпарат таратпауды сұрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867644-stbaevtagy-okiga-policiany-pedofildi-jinen-kalaj-alyp-sykkany-belgili-boldy/