ДСМ: Жаңартылған коронавирус статистикасы 2 тамызда жарияланады
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов коронавирустың жаңартылған статистикасы 2 тамызда жарияланатынын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қожахметовтің сөзінше, екі апта ішінде пациенттерді тіркеу жүйесінің сенімділігі үшін кодтау алгоритмі мен нұсқаулықтар жасалған. Сонымен қатар осы кезең ішінде медицина қызметкерлеріне жаңа деректерді қалай дұрыс енгізу керектігі үйретілген.
ДСМ өкілінің айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілінің техникалық кеңесіне сәйкес жаңа мәліметтер екіге бөлінген.
Бірақ екі бөлік те коронавирус инфекциясы бар пациенттер ретінде қарастырылады.
Қожахметов коронавирустық инфекция жағдайында кодтау алгоритмі екі кодпен қолданылатынын атап өтті: ПТР сынағы оң болған кезде расталған жағдайлар үшін және расталмаған ықтимал жағдайлар үшін.
"Егер бірінші код бойынша бәрі анық болса, екінші жағдайда коронавирусқа бірнеше белгілер бойынша диагноз қою керек, олар: эпидемиологиялық және клиникалық белгілер. Эпидемиологиялық белгілер - пациент ауру жұқтырған адамдармен нақты байланыста болған кезде, клиникалық белгілері - дене қызуы, құрғақ жөтел.
Біз ел бойынша жиналған мәліметтерді 2 тамыздан бастап күнделікті ұсынып отырамыз. Мәліметтер төрт санға негізделеді. Бірінші көрсеткіш - коронавирус ПТР сынағымен расталған пациенттер, екіншісі - өлім жағдайлары, үшіншісі - ПТР сынамалары дәлелденбеген болса да ауырған пациенттер, төртіншісі - сол бойынша өлім нәтижелері", - дейді ДСМ өкілі.
Оның айтуынша, жаңа тәсіл ауру туралы дұрыс болжам жасауға және статистиканың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Жаңа тәсіл аурудың алдын-ала дұрыс болжамын жасауға, барлық қажетті ресурстарды дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді: қанша дәрігерді тарту керек, ауруханаларда қанша төсек дайындау керек. Тұтастай алғанда, бұл статистиканың ашықтығын қамтамасыз етеді, бұл өте дұрыс шешім, ол тиісті нәтиже береді", - деді Бағдат Қожахметов.
Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіруді тапсырған болатын.
Кейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 1 тамыздан бастап коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілетінін хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867696-dsm-zaartylgan-koronavirus-statistikasy-2-tamyzda-zarialanady/