RU

Қазақстанда бүгіннен бастап қатаң карантин тағы екі аптаға созылды

Бүгін, 3 тамыздан бастап елімізде қатаң карантин тағы екі аптаға ұзартылды. Еліміздегі шектеу шаралары 17 тамызға дейін жалғасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Естеріңізге сала кетейік, 29 шілдеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты түйткілді мәселелер жөнінде кеңес өткізген болатын.

Кеңес барысында президент мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды.

Премьер-министр Асқар Мамин сөзінше, елімізде 5 шілдеден бастап енгізілген қатаң карантин нәтижесін беруде. Мәселен 5 шілдеден бері Қазақстанда коронавирус жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендеген.

Стационарлардағы емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны 27 пайызға азайған. Сауығып шыққандардың саны 63 пайызға дейін өскен. Жедел-жәрдем шақыру жағдайы төмендеген. Осылайша денсаулық сақтау жүйесінің негізгі жүктеме көрсеткішін төмендетуге қол жеткізілген.

Сонымен қатар мемлекет басшысы үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіруді тапсырған болатын.

Кейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 1 тамыздан бастап коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілетінін хабарлады.

2 тамызда Қазақстанда COVID-19 бойынша жаңартылған статистиканың алғашқы нәтижелері жарияланды. Оған сәйкес, өткен тәулікте елімізде 6407 адам ауырған.

1226 адамда COVID-19 зертханалық тексеріс кезінде анықталса, 5181 адамда анықталмаған. Олар коронавирус инфекцияның клиникалық және эпидемиологиялық белгілері табылған пневмониямен ауырғандар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867785-kazakstanda-bginnen-bastap-kata-karantin-tagy-eki-aptaga-sozyldy/