RU

Елімізде енді құжат көрсетпегендерге темекі мен алкогольді сусын сатылмайды

Қазақстанда бұдан былай құжат көрсетпегендерге алкогольді сусын мен темекі сатылмайды. Сонымен қатар, заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, зейнеткерлер де осы тәртіпке бағынатын болады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Instagram

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, елімізде енді сатушы алкогольді сусын мен темекіні құжатсыз сатқан жағдайда жауапқа тартылатын болады.

Айта кетейік, осыған дейін 21 жастан асқан ересектерге бұлар беріле беретін. Тек сатушы сатып алушының түріне қарап, жасына күдік келтірген жағдайда ғана құжат сұрайтын. Ал қазір заңдағы бұл тармақ түбегейлі өзгерген. Оған сәйкес, сатушы алдына зейнеткер келсе де, оған шылым мен ішімдік сатпас бұрын, құжатын сұрауы керек.

Сонымен қатар, жеке куәліксіз сатуға тыйым салынған тауарлардың қатарында электронды темекі мен қорқор, арнайы құрылғымен шегетін сұйықтықтар бар.

Сатушы Ләззат Көпжасарова бұндай жаңашылдыққа темекі шегушілер алғашқы күннен-ақ көңілі толмайтындарын білдіріп жатқанын жеткізді.

"Сатып алушылар ренжіп жатыр. Құжатты үнемі өзімен алып жүрмейді ғой. Жоғалтып алса не болады. Талап сондай деп түсіндіруге тырысып жатырмыз. Бізге де оңай емес. Сауда жасау керек. Ал бұл өзгеріс қолымызды байлағандай болды", - деді әйел.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетсек, осыған дейін дәрігерлер темекі шегетіндер үшін коронавирус қаншалықты қауіпті екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867975-elimizde-endi-kzat-krsetpegenderge-temeki-men-alkogoldi-susyn-satylmajdy/