RU

Министр кімдерге маска тақпауға болатынын айтты

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус эпидемиясы жағдайында кімдерге медициналық масқа тақпауға болатынын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі: UGC

Министрдің сөзінше, халық жиналатын, қызмет алатын және демалатын ғимараттарда, қоғамдық көлікте, даладағы қоғамдық орындарда маска тағу міндетті.

Сонымен қатар, ол 5 жасқа дейінгі балаларға, әлеуметтік ара қашықтық сақталған жағдайда 5 адамға дейін спортпен топтық және жеке айналысқан тұлғаларға, денсаулығына байланысты таға алмайтын тұлғаларға маска тақпауға болатынын жеткізді.

Одан бөлек, даладағы қоғамдық тамақтану орындарында әлеуметтік ара қашықтық сақталған уақытта маска тақпауға болады.

Алексей Цой маска тағу қоғамда пайдалы дағдыға айналуы тиіс деп отыр.

"Өкінішке қарай, қазіргі кезде бұл уақытша болса да аса қажеттілік болып отыр. Осылайша, міндетті маска режимін қамтамасыз ету аурудың таралу қарқынын төмендету үшін қосымша факторға айналады. Себебі, маска таққан кезде халық арасында инфекцияның таралуы азаяды. Санитарлық талаптардың күшейтілуінің нәтижесінде соңғы 4 аптада барлық өңірде халықтың ауруға шалдығу деңгейінің айтарлықтай төмендегендігін атап өткім келеді. Орташа есеппен алғанда ел бойынша ауруға шалдығу 1,5 есе жуық төмендеді", - деді министр.

Еске сала кетсек, бүгінгі үкіметтің онлайн отырысында Алексей Цой өткен тәулікте елімізде коронавирустан 33 адамның көз жұмғанын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868000-ministr-kimderge-maska-takpauga-bolatynyn-ajtty/