RU

Бейрутте көп жыл бұрын тәркіленген контрабандалық жүк жарылған болуы мүмкін

Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Ливан астанасында контрабандашылардан тәркіленген жүк жарылған болуы мүмкін деген ақпарат тарады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Hasan Shaban/Bloomberg via Getty Images
Фото: Hasan Shaban/Bloomberg via Getty Images: UGC

Бейруттегі жарылыс дәнекерлеу жұмыстары кезінде орын алған деп жазды ТАСС жергілікті телеарнаға сілтеме жасап. Дереккөздің мәліметінше, жұмысшылар қоймадағы тесіктерді жамап жатқан. Болжам бойынша, қаскөйлер селитра ұрлау үшін қойманы тескен болуы мүмкін. Ол жерде аталған химиялық заттың 2700 тоннадан астам мөлшері сақталған екен.

Басылымның ақпарынша, селитра 5 жыл бұрын молдавиялық кемеден тәркіленген.

Ливан ішкі істер министрі аммиак селитрасының жарылғанын растады деп жазды Life.

Еске сала кетейік, бұған дейін елдің премьер-министрі Бейруттегі жарылысқа не себеп болғанын айтып берген еді.

Ливан үкіметінің басшысы Хассан Диябтың сөзіне қарғанда, 70-тен астам адамның өмірін жалмаған Бейрут портындағы жарылысқа алты жыл бойы 2750 тонна аммиак селитрасын дұрыс сақтамау себеп болған.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Ливан астанасында болған жарылысты шабуыл деп атаған болатын.

Трамп баспасөз мәслихатында сөз сөйлеп, қайғылы оқиғаға қатысты кейбір генералдармен кеңескенін атап өтті. Ол өз көзқарасын дәлелдей отырып, жарылыстың сипатына назар аударды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868170-bejrutte-kp-zyl-bryn-trkilengen-kontrabandalyk-zk-zarylgan-boluy-mmkin/