RU

Оңтүстік Кореяда өрт кезінде 10 адамды құтқарған Қазақстан азаматы марапатталды

Оңтүстік Кореяда өрт кезінде 10 адамды құтқарған қазақстандық Алиакбар Юлдашев марапатталды. Енді Қазақстан азаматының аталған елде тұрақты тұруға мүмкіндігі бар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: koreatimes.co.kr
Фото: koreatimes.co.kr: UGC

28 жастағы қазақстандықтың марапатталғаны жайлы Korea times жария етті.

"28 жастағы құжаты жоқ мигрант өртке оранған ғимараттан 10 адамды құтқару үшін өз өмірін қатерге тікті", - деп жазды басылым.

Қазақстандық азаматқа көрсеткен қайсарлығы үшін марапатты провинциялардың бірінің аймақтық басшысы тапсырған.

Басылым мәліметінше, бұл марапаттың арқасында қазақстандық өрт кезінде алған жарақаттары үшін мемлекеттен өтемақы және елде тұрақты тұруға мүмкіндік алмақ.

Еске сала кетсек, осы жылдың наурыз айында Оңтүстік Кореяда заңсыз тұрып жатқан қазақстандық азаматтың 10 адамды жанып жатқан ғимараттан құтқарып қалғанын хабарлаған едік. Оқиға кезінде ол қатты жарақат алып, өзіне медициналық көмек қажет болғанына қарамастан, өрт болған жерден қашып кеткен.

Шетелдік БАҚ хабарламасында қазақстандық ер адамның жасы 28-де екені, оқиға болған күні үйіне қайтып бара жатқаны айтылды.

Сонымен қатар ерлік жасағанына қарамастан көші-қон заңын бұзғаны үшін Алиакбарды Оңтүстік Кореядан шығару мәселесі көтерілді, алайда он мыңнан астам кореялық петицияға қол қойып, биліктен "қаһарманға" азаматтық беруді сұрады.

Кейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі отандасымызға Оңтүстік Корея билігі жаңа виза беретінін хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868236-otstik-korea-rt-kezinde-10-adamdy-ktkargan-kazakstan-azamaty-marapattaldy/