RU

Қазақстандықтар енді 10 тамызда Абай күнін атап өтеді

Үкімет қаулысымен Қазақстанда жаңа мереке бекітілді. Енді қазақстандықтар 10 тамызда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының күнін атап өтеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ премьер-министрінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандықтар енді 10 тамызда Абай күнін атап өтеді
Фото: qazweek.kz: UGC

Жарияланған құжатқа сәйкес, 10 тамыз Абай күні болып бекітілді. Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігі мерекелік даталардың қатары Абай күнімен толықтырылған қаулының жобасын жариялаған еді.

Оған сәйкес, Абай Құнанбайұылының күнін ақынның туған күні – 10 тамызда атап өту ұсынылған болатын.

Айта кетейік, биыл Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 175 жыл.

Ғұлама ақынның мерейтойына орай еліміздің барлық өңірінде және шетелдерде өтетін іс-шараларды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастап берген еді.

Алайда коронавирус пандемиясына байланысты көптеген шаралар өтпей қалды. Ал кейбірі онлайн-форматта өткізілді.

Сонымен қатар ақынның 175 жылдығана орай Семей халықаралық әуежайына Абай есімі берілді.

Ақынның есімін әуежайға беру туралы ұсынысты ономастикалық комиссия мен облыстық мәслихат депутаттары мақұлдаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868280-kazakstandyktar-endi-10-tamyzda-abaj-knin-atap-tedi/