RU

Тоқаев Ливан президентінен Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өтінді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан президентімен телефон арқылы сөйлесіп, көңіл айтты. Сонымен қатар президент Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды өтінген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тоқаев Ливан президентіне көңіл айтты
Фото: Ақорда: Facebook

Мемлекет басшысы Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлескенін Twitter парақшасында жазды.

"Бүгін Ливан президенті Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлесіп, Бейрут портындағы жарылыс кезінде қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектестік білдірдім", - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, президент ливандық әріптесіне екі мыңға жуық Қазақстан азаматтарының оның ішінде, қазақ дипломаттарының және БҰҰ-ның бітімгершілік күштері құрамында қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы өтініш білдірген.

Өз кезегінде Ливан басшысы осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау білдірген Қазақстанға алғыс айтып, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берген.

Естеріңізге сала кетейік, 4 тамызда Ливан астанасы Бейрут қаласында жойқын жарылыс болды. Салдарынан 100-ден аса адам қаза тауып, көптеген адам жарақат алған. Оқыс оқиға шамамен сағат кешкі алтыда Бейрут портында болған.

Кейін елдің премьер-министрі Хассан Дияб жарылысқа не себеп болғанын айтып берді.

Айта кетейік, жойқын жарылыстың салдарынан Ливандағы Қазақстан консулы жеңіл жарақат алған. Бұл ақпаратты еліміздің сыртқы істер министрлігі растады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868284-tokaev-livan-prezidentinen-kazakstan-azamattaryny-kauipsizdigin-kamtamasyz-etudi-tindi/