RU

Екібастұзда бақылау тобы карантин кезінде той өткізбек болғандардың үстінен түсті (видео)

Тойға дайындық
Тойға дайындық: Фото: KAZ.NUR.KZ

Екібастұз қаласының әкімдігі мен полициясы және арнайы бақылау тобы шаһарда болғалы жатқан тойды тоқтатты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Екібастұз әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тойға дайындықты тәртіп сақшылары және арнайы бақылау тобының мүшелері карантин кезіндегі заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында жүргізілген рейд кезінде анықтаған.

Іс-шара өтпек болған кафенің әкімшілігі карантиндік талаптарды елемей, жаппай халық жиналатын отырысқа мекемелерін ұсынған.

Әкімдіктің мәліметінше, тойға алпыстан аса адам келеді деп күтілген.

Дегенмен мерекелік іс-шара уақытында тоқтатылып, кафе әкімшілігі мен тойды ұйымдастырмақ болғандарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық фактісі туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынған.

Айта кетейік, елімізде мұндай жаппай жиындарға тыйым салынған. Олар көбінесе коронавирус инфекциясының таралу аймағына айналып жатады.

Еске сала кетейік, еліміздің барлық өңірінде бақылау тобы мен полиция қызметкерлері карантин талаптарының сақталуын қадағалау үшін арнайы рейдтер ұйымдастырады.

Жақында Алматының құқық қорғау органдарының қызметкерлері карантин кезінде жұмыс істеген караоке-бардың және саунаның қызметін тоқтатқан еді.

Сонымен қатар Түркістан облысында екі күн ішінде 12 той тоқтатылған болатын.

Жасырын той өткізгендерге ӘҚБ туралы кодекстің 425-бабы 1 тармағы бойынша хаттама толтырылып, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868317-ekibastzda-bakylau-tobuy-karantin-kezinde-toj-tkizgeli-zatkan-trgyndardy-stinen-tsti-video/