RU

Омбудсмен Тоқаевтан ер мен әйелдің еңбек құқықтарын теңестіруді сұрады

Жұмыс орны
Көрнекі фото: pixabay.com

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, ер мен әйелдің еңбек құқықтарын теңестіруді сұрады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

"Мен мәжіліс депутаттары дайындаған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы және гендерлік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының аясында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға Үкіметпен бірлесе отырып, Еңбек кодексіне өзгертулер енгізу туралы мәселені қарастыруға тапсырма беруді сұраймын", - деді ол үндеуінде.

Омбудсменнің айтуынша, қандай да бір гендерлік айырмашылықтарсыз еңбек құқықтарының абсолютті теңдігі гендерлік мәселелер тұрғысындағы маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, бәріне бірдей жұмыс істеу құқығын және жұмысты еркін таңдауды білдіретін Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының қағидаларына сәйкес келеді.

"Бүгінгі жұмыс беруші, егер еңбек жағдайлары ол үшін жеткілікті қауіпсіз емес деп тапса, әйелді жұмысқа алудан бас тартуға құқылы. Отандық еңбек нарығында тізімде көрсетілген кейбір жұмыста әйелдер жоқ немесе оларды керек етпейтінін де мойындау керек. Сонымен қатар, ер адамдарға қатысты қолданыстағы заңнамада бұндай құқықтық нормалар көрсетілмеген. Осылайша, іс жүзінде, егер әлеуетті әйел қызметкер барлық қажетті талаптарды толық қанағаттандырса да, оларды кемсіту жағдайлары орын алуы ықтимал", - деп түсіндірді ол.

Азимова жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс беруші әлеуетті қызметкердің жынысына емес, оның кәсіби қасиеттері мен денсаулық жағдайына назар аударуы керек деп отыр.

Еске сала кетсек, осыған дейін Алматы облысы Қарасай ауданының мектеп оқушылары интернетке қосылуды сұрап, мемлекет басшысына видеоүндеу жолдаған болатын.

Олар ойын алаңын сұрамайтынын, кедергісіз білім алу үшін қолжетімді интернет қосып беруін өтінген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868423-ombudsmen-tokaevtan-er-men-jeldi-ebek-kkyktaryn-teestirudi-srady/