RU

Коронавирусқа қарсы вакцинаны қанша қазақстандықтың тегін алатыны белгілі болды

вакцина, укол, коронавирус
Көрнекі фото: Andre Lucas/picture alliance via Getty Images

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет коронавирусқа қарсы вакцинаны тегін алатындардың саны нақтыланғанын мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл туралы Бағдат Қожахмет Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Оның сөзінше, Қазақстан COVAX Facility халықаралық бағдарламасына қосылған. Келісім бойынша коронавирусқа қарсы вакцина шыққан бойда оны еліміздегі халықтың 20 пайызына бірден жеткізіп бермек.

Министрліктің ресми өкілі бүгінде вакцина тегін алатындардың нақты саны анықталды деп отыр. Барлығы 2 182 000 адам. Бағдат Қожахметтің мәліметінше, олардың ішінде 65 жастан асқандар, жүрек-қан тамыр ауруы, қант диабеті және өкпенің обструктивті ауруы, созылмалы ауруы бар азаматтар бар. Сонымен қата медицина қызметкерлеріне де вакцина тегін салынбақ. 

Ол Қазақстанға келетін 3 миллионнан астам вакцинаның басым бөлігі тегін таратылса, қалғаны сатылады, дейді. Бағасы  4,2-8 мың теңгенің айналасында болады деп күтілуде.

"Адамдар өз еркімен вакцина салдырамын десе, өз ақшасына сатып алады", - деді министрліктің ресми өкілі.  

Естеріңізге сала кетейік, премьер-министр Асқар Мамин бұған дейін үкіметтің онлайн отырысында күзде туындауы мүмкін пандемияның жаңа толқынына дайын болуды, әрі оның алдын алу үшін барлық белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, жоспарланған шаралар кешенін іске асыруды тапсырған болатын.

Кеше ол Нұр-Сұлтан қаласындағы "СҚ-Фармация" логистикалық хабына барып, онда коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрілердің бар-жоғымен және еліміздің денсаулық сақтау мекемелерін медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868464-koronaviruska-karsy-vakcinany-kansa-kazakstandykty-tegin-alatyny-belgili-boldy/