RU

Бұрқыраған кәуаптың иісі Таразда жасырын жұмыс істеген кафені әшкерелеп берді

шашлык
Көрнекі фото: pixabay.com

Тараз қаласында карантин кезінде жасырын жұмыс істеген кафелер анықталды. Тиісті шектеулерге қарамастан қызметін жалғастырған нысандардың бірі кәуаптың иісінің арқасында әшкере болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, Таразда қазір ешкім бара бермейтін қала шетіндегі дәмханалардың дәуірі жүріп тұр.

Қожайындары орталықтан қашық болған соң, тексерушілер көрмейді, келмейді деп ойласа керек. Алайда карантин кезінде жұмыс істеп тұрған нысады әкімдік өкілдері кәуаптың иісінен біліп қойған.

Дегенмен шоққа піскен еттің дәмді иісін алыстан сезгенімен, кафенің алдына келгенде бөгеліп қалған. Себебі, мұндағы әкімші есікті ұзақ уақыт ашпаған.

Оның неліктен бұндай әрекетке барғаны да белгілі болды.

Себебі кафе ішінде ересектері мен балалары бар жалпы саны 50 шақты келуші жарықты сөндіріп жасырынып отырған екен.

Ал тексерушілер ішке сау етіп кіргенде, сауыққұмарлар қайда барарын білмей қалған.

Телеарна дерегінше, нысан басшылығына карантин талаптарын бұзғаны үшін 600 мың теңге айыппұл салынған.

Сонымен қатар аймақта 390 кәсіпкерлік нысан тексеріліп, оның 49-ы айыппұл арқалаған.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетсек, осыған дейін Алматыда карантин кезінде жұмыс істеген караоке-бар анықталған еді.

Сонымен шектеу шаларына қарамастан клиенттерге хиджама жасаған оңтүстік астанадағы тағы бір нысанның жұмысы әшкере болды.

Мегаполистің Наурызбай ауданында үлкен саунаның да жұмыс істегені айтылды.

Заңсыз жұмыс істеген нысандар арнайы рейд кезінде анықталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868483-tarazda-karantin-kezinde-zasyryn-zmys-istegen-kafeni-kuap-iisi-stap-berdi/