RU

Атырауда кішкентай қызды белгісіз бағытта алып кетпек болған ер адам ұсталды (видео)

Зорламақ болған1
Көрнекі фото: pixabay.com

Атырауда кішкентай қыз баланы белгісіз бағытта алып кетпек болған 42 жастағы ер адам ұсталды. Бүлдіршінді жергілікті тұрғындар құтқарып қалған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақжайық басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, оқиға кеше, 6 тамызда қала маңындағы Көктем шағын ауданында болған. Азық-түлік дүкенінің жанында 42 жастағы азамат кішкентай қыз баланы қолынан жетектеп алып кетпек болған.

Алайда шағын ауданда бәрі бірін-бірі танитын қырағы тұрғындар бейтаныс азаматты дер кезінде байқап, одан қыз баланы тартып алған. Кейін полиция шақырған.

"Полиция қызметкерлері дер кезінде оқиға орнына жетіп, күдіктіні ұстады. Қылмыстық кодекстің 121 бабы (сексуалдық сипаттағы зорлық жасауға оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл адам жергілікті тұрғын емес, ол Атырауға жұмыс істеу үшін келген", - деп хабардар етті Атырау полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Оралда белгісіз азаматтың алты жасар қызды ойын алаңынан алып кетпек болғанын хабарлаған болатынбыз.

Полицияның мәліметінше, күдіктінің жеке басы анықталып, қамауға алынған. Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп жатыр. Тексеріс аяқталғаннан кейін бөлім процессуалдық шешім қабылдайды.

Сонымен қатар, полиция қамауға алынған кезде ер адамның мас болғанын да қоса кетті. Оның алкогольдік масаң күйі "орташа" деп бағаланды.

Бұған ұқсас оқиға Алматыда да болған еді. Ол кезде ер адам бес жасар баланы өзімен бірге ертіп әкетуге тырысқан.

Полиция күдіктіні ұстады, баланы ұрлау әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүруде.

Сонымен қатар Ақтауда қыз баланы ойын алаңынан алып кеткен ер адам ұсталған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868484-atyrauda-kiskentaj-kyzdy-belgisiz-bagytta-alyp-ketpek-bolgan-er-adam-staldy-video/