RU

Ақтөбелік дәрігерлер өкпесінің 90 пайызы зақымданған қытайлықты аман алып қалды

Қытайлық
Фото: NUR.KZ

Ақтөбеде медицина қызметкерлері өкпесінің 90 пайызы зақымданған 55 жастағы ер адамның өмірін аман алып қалды. Шетелдік азамат бүгінде аяғынан тік тұрып кеткені үшін ақ халатты абзал жандарға рақмет айтуда деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

55 жастағы Ма Ши Чингтің дәрігерлерге алғысы шексіз. Өкпесінің 90 пайызға жуығы зақымданған Қытай азаматы ауруханаға қиын жағдайда жеткізілген.

"Кеуде тұсым қатты ауырды. Қиын болды. Өзімді нашар сезіндім. Жағдайым қазір жақсы, жүремін. Дәрігерлерге көп-көп рақмет. Ақ халаттылар өте жақсы", - деген шетел азаматы қолын бұлғап, алғыс айта берді. 

Жергілікті мұнай компаниясының жұмысшысы Ақтөбеге шілде айының басында келген. Жағдайының жақсы екенін бір-екі ауыз ресми тілмен түсіндіріп, жүре алатынын көрсетіп қуануда. Немересінің суретін құшақтап, аяғынан тұрғызған  дәрігерлерге бас иді.

Қытайлық
Фото: NUR.KZ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияровтың мәліметінше, пандемия басталғалы облыста 69 шетел азаматы ем алған. Оның ішінде 10 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды.

Қазір Ақтөбедегі провизорлық инфекциялық госпитальдарда 644 науқас жатыр. Оның ішінде 111-і аудандық ауруханада.

Облыс бойынша жансақтау бөлімінде жеті адам ем алуда. Арасында жасанды дем беру аппаратының көмегіне жүгінгендер жоқ.

Балалар провизорлық ауруханасында ем алып жатқан 10 жасөспірімнің де жағдайы тұрақты.

Естеріңізге сала кетейік, Балқашта дәрігерлер өкпесінің 90 пайызы вирустық пневмониядан зақымданған 40 жастағы тұрғынды аман алып қалған еді. Ер адам екі аптадан астам уақытын жансақтау бөлімінде өткізген.

Сондай-ақ, оңтүстік астанада өкпесінің 90 пайызы зақымданған келіншек аман-есен босанған еді. Коронавирус инфекциясын жұқтырған әйел медициналық мекемеде бір ай жатқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868592-aktbelik-drigerler-kpesini-90-pajyzy-zakymdangan-kytajlykty-aman-alyp-kaldy/