RU

СҚО-да жасөспірімдердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды

Апат
Көрнекі фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында екі күн ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен екі жол-көлік оқиғасы болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

3 тамыз күні Панфилов-Фурманов көшелерінің қиылысында 1990 жылы туған Петропавл тұрғыны “Daihatsu” автокөлігін басқарып келе жатып, сол жаққа бұрыла бергенде, қарсы бағытта келе жатқан скутердің 15 жастағы жүргізушісімен соқтығысқан.

Жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы фактісі әкімшілік өндіріске алынды, материал жинақталуда. Келесі күні Пушкин көшесіндегі автотұрақтан шыға берісте “Volkswagen Passat” автокөлігі жаяу жүргінші жолында велосипедпен жүріп келе жатқан 11 жастағы ер баланы қағып кеткен.

Оқиға нәтижесінде бала медициналық мекемеге жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген соң үйіне жіберілді.

"Жүргізушіге, 32 жастағы облыс орталының тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 600-бабы 1-бөлігі “Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу” бойынша хаттама толтырылды. – Жүргізушілердің, әсіресе балалар көшеде көп жүретін жазғы уақытта ұқыпты болғандары жөн.
Ата-аналар балаларының жолдағы қауіпсіздігі, бірінші кезекте, отбасындағы тәрбиеге байланысты екендігін ұмытпағаны дұрыс, балалар ересектерге қарап бой түзейді. Балаларына жол жүрісі ережелерін қатаң сақтау қажеттілігін түсіндіріп, санасына құю қажет, жолға жақын жерде ойнауына жол бермеу керек. Жаяу жүргінші өткелінен өтерде құлақтарындағы тыңдауыштарын пайдаланбау керек, мұндайда көліктердің ескерту сигналдарын естімей қалу қаупі бар. Велосипедпен жаяу жүргінші жолымен келе жатқанда сақ болып, жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмеу және жаяу жүргінші өткелінен өтерде велосипедтен түсіп, велосипедті сүйреп, жаяу өту керек", - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Қостанайда полиция көлігі соққан машинадағы баланың көз жұмғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, Қостанайда автобус аялдамасына соғылған "Ауди" жүргізушісі қайтыс болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868661-sko-da-zasspirimderdi-katysuymen-zol-klik-okigasy-boldy/