RU

Тоқаев Үндістан үкіметі мен халқына көңіл айтты

Тоқаев
Фото: Twitter

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге ұшақ апатына байланысты көңіл айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ мемлекет басшысының ресми Twitter аккаунтына сілтеме жасап.

Президент тиісті хабарламаны әлеуметтік желіде жариялады. Жазба ағылшын тілінде жазылған.

"Мен Керала штатында болған ұшақ апатынан көптеген адамдардың қаза болуына байланысты үкіметке, Үндістан халқына және жеке премьер-министрге шын жүректен көңіл айтамын", - деп жазды Тоқаев.

Айта кетейік, бортында 200-ге жуық адам бар ұшақ Үндістанның Керала штатына қонған кезде апатқа ұшырады. Әуе кемесі ұшу-қону жолағынан шығып кетті. Бүгін жергілікті ақпарат құралдары қаза болғандардың саны 20-ға жеткенін хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан президентімен телефон арқылы сөйлесіп, көңіл айтты. Сонымен қатар президент Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды өтінген.

Мемлекет басшысы Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлескенін Twitter парақшасында жазды.

Сондай-ақ, президент ливандық әріптесіне екі мыңға жуық Қазақстан азаматтарының оның ішінде, қазақ дипломаттарының және БҰҰ-ның бітімгершілік күштері құрамында қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы өтініш білдірген.

Өз кезегінде Ливан басшысы осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау білдірген Қазақстанға алғыс айтып, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868676-tokaev-ndistan-kimeti-men-halkyna-kil-ajtty/