RU

СІМ аудит кезінде шетелдік мекемелерде 442 874,6 мың теңгеге бұзушылықтар анықтады

СІМ аудит тексерісі
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне қарасты ішкі аудит қызметі 2020 жылғы І-ші жартыжылдықта 3 шетелдік мекемеде жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін жариялады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.

Ішкі аудит қызметі 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында 3 шетелдік мекемеде тиімділік және сәйкестік аудитін жүргізді.

Министрліктің ақпаратынша, аудитпен қамтылған қаражат көлемі 5 036 979,74 мың теңгені құрады. Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша жалпы 442 874,6 мың теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 7 513,1 мың теңге қаржылық, ал 435 361,5 мың теңге рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар болды.

Аудит нәтижелері бойынша Республикалық бюджеттің кірісіне 2 743,2 мың теңге қаражат қайтарылды, 942,4 мың теңге - есепке алу бойынша қалпына келтіріліп, сәйкестелінді.

Анықталған бұзушылықтардан:

- 381 933,9 мың теңге рәсімдік бұзушылықтарға (бюджеттік, бухгалтерлік, салық заңнамалары, жүйелі проблемалар мен нормативтердегі олқылықтар және т.б.) жол берілген;

- мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану - 58 638,5 мың теңге;

- бюджеттің кіріс бөлігінде, оның ішінде консулдық алымдарды бюджетке аудару мерзімін сақтамау 2 302,2 мың теңге.

Өткізілген аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аудит материалдары бір объект бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.

Еске сала кетейік, Бейрут қаласындағы жарылыс салдарынан Ливандағы Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссиясының консулы зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868686-sim-audit-kezinde-seteldik-mekemelerde-442-8746-my-tegege-bzusylyktar-anyktady/