"Өлтіремін деп қорқытқан": Қостанайда желі арқылы баланы бопсалаған алаяқ ұсталды

Опубликовано:

Ғаламтор алаяқ1
Көрнекі фото: pxhere.com

Қостанайда кәмелет жасқа толмаған бала алаяқтардың бопсалауынан зардап шекті. Анасы баласының әлеуметтік желі арқылы алдаудың құрбаны болғанын айтып, полицияға арызданған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы өңірлік "Алау" басылымына сілтеме жасап.

Әйелдің екі баласы бар, олардың бірі 12 жаста. Ол ВКонтакте әлеуметтік желісінде алаяқтардың арбауына түсіп, зардап шеккен.

"Алаяқтар менің баламды және бүкіл отбасымды өлтіремін деп қорқытып, ақша талап еткен. Тіс жармауды ескертіп, ұлымды қорқытып, ақшаны киви әмиянына салып жіберуді сұраған. Ұлым 2300 рубль жіберіп, бұл жайлы маған айтуға жүрексінген", – дейді анасы.

Алаяқ мұнымен тоқтап қалмай, балаға қайта жазған. Тағы да зорлық-зомбылық жасаймыз деп қорқытып, ақша сұрапты.

"Екінші рет ол 10 000 рубль аударуды талап еткен. Ұлым маған келіп, ақша сұрады. Баламның көздері үрей мен жасқа толған. Мен полицияға арыз жаздым. Бұл мамыр айында болған оқиға. Ал жақында маған бопсалаушының табылғаны туралы хабар жетті. Мен бұл істің басын ашқан полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді", – деді Қостанай тұрғыны.

Әйелдің айтуынша, полицейлер оған бопсалаушының Алматы қаласының тұрғыны болып шыққанын айтқан.

Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл фактіні растап, пандемия кезінде интернет арқылы жасалған қылмыстардың көбейіп жатқанын хабарлайды.

Ағымдағы жылы Интернеттегі алаяқтықтың 500-ден астам фактісі тіркелді, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 300 қылмыстық іс анықталған.

Аталған факті бойынша алаяқтық бабы бойынша тіркелген сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта полиция қылмыстық істің толықтығын қамтамасыз етіп, қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шараларын жүргізуде.

Еске салсақ, елордада әйел ер адам болып танысып, тұрғындарды қақпанына түсірген. Белгілі болғандай, күдікті өзіне қажет жерге хабарласу үшін көшеде жол жөнекей кетіп бара жатқан адамдардың ұялы телефонын сұрап алып, кейін ізін суытқан.

Сондай-ақ, айта кету керек, Түркістан облысында егде жастағы әйел талапкерді оқуға түсіруге көмектесемін деп уәде беріп, 2 миллион теңгені қолды қылған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868997-ltiremin-dep-korkytkan-kostanajda-zeli-arkyly-balany-bopsalagan-alaak-staldy/