RU

Түркия мен Қазақстан арасындағы әуе байланысы 1 қыркүйекте қайта жандануы мүмкін

Түркия мен әуе байланысы
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Түркиялық БАҚ Түркия мен Қазақстан арасындағы әуе байланысының қыркүйек айының басында қайта жанданатынын жазуда деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Түркиялық Anadolu ақпараттық агенттігінің ақпаратынша, бірер күн бұрын республика 90-нан астам елдермен әуе қатынасын қайта жандандыру туралы келіссөздерді аяқтаған.

Мақалада көрсетілгендей, Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе байланысы бірінші қыркүйекте ашылуы мүмкін.

Қазақстан мен Түркия арасында әуе қатынасы 20 маусымда ашылған еді. Алайда 4 шілде күні түркиялықтар біздің елде коронавирус өршіп кеткен соң ұшуды 20 шілдеге дейін тоқтату туралы шешім қабылдаған. Кейінірек мерзім тағы да ұзартылған.

Еске сала кетсек, 17 тамыздан бастап біздің ел бірнеше мемлекеттермен әуе байланысын қайта жандандырады. Олардың арасында Біріккен Араб Әмірлігі, Беларусь Республикасы, Германия, Нидерланды, Мысыр, Украина мен Ресей Федерациясы секілді елдер бар.

Айта кетейік, 17 тамыздан бастап елімізде күшейтілген карантин режимі жеңілдетіледі. Мемлекеттік комиссия 2020 жылғы 17 тамыздан бастап карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын бекіткен болатын.

Сондай-ақ бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова еліміз карантинді жеңілдетудің алғашқы кезеңінен өтпесе, қатаң карантинді қайта енгізуге тура келетінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, карантиндік шараларды күшейту немесе жеңілдету үшін нақты үш көрсеткіш бар. Соның бірі – репродуктивті көрсеткіш, яғни вирустың бір адамнан таралу деңгейі. Қатаң карантинге дейін осы көрсеткіш R-1,72 болған. Бүгінде ол 0,78-ге дейін түсіп отыр. Бұдан бөлек, соңғы бір аптада 100 мың адамға шаққанда қанша науқастың тіркелгені назарға алынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1869638-trkia-men-kazakstan-arasyndagy-ue-bajlanysy-1-kyrkjekte-kajta-zandanuy-mmkin/