RU

Шымкенттің бұрынғы бас сәулетшісі жарты миллиард теңге жымқырды деп күдіктелуде

пара 65165
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Еліміздің үшінші мегаполисінде сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы 500 млн теңгеден астам қаражат жымқыру бойынша күдікке ілінді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Аталған жайтқа қатысты тергеу жөнінде "Астана" телеарнасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері айтып берді.

Тергеудің болжамынша, маусым айында ұсталған шенеунік мегаполистің топографиялық картасын құруға бөлінген қаражатты қолды қылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның ақпарынша, қаланың бұрынғы бас сәулетшісі мердігермен келісіп, мемлекеттік сатып алудан ақша үнемдеп, 500 млн теңгеден астам бюджет қаражатын иемденген.

Аталған картаның құрылғанын айта кету керек. Алайда, оны мақсаты бойынша пайдалану мүмкін болмай отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылыс жүргізу кезінде топографиялық картаның аса маңызды екенін атап өтті, онда жерасты және жерүсті құрылыстар көрсетіледі.

Еске сала кетейік, 18 тамызда Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов онлайн-брифинг барысында процессинг орталығы қызметкерлерінің ұсталуына қатысты пікір білдірген еді.

Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Алматы полиция департаменті процессинг орталығының қызметкерлері ұсталғанын хабарлаған болатын. Орталық қызметкерлерінің бірі 800 мың теңге пара алу үстінде қолға түскен.

Сондай-ақ Алматыда екі жүз мың теңге көлемінде пара алған прокурор мен полицейдің істі болғанын жазғанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1870106-symkentti-bryngy-bas-suletsisi-zarty-milliard-tege-zymkyrdy-dep-kdiktelude/