Алматыда полиция көлігінің қатысуымен жол апаты болды (фото)
Опубликовано:

Бүгін, 20 тамызда Алматыда полиция көлігінің қатысуымен жол апаты болды. Салдарынан бір тәртіп сақшысы жарақат алып, ауруханаға жеткізілген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы оңтүстік астананың полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлар Instagram әлеуметтік желісіндегі almaty_kris_p парақшасында жарияланды.
NUR.KZ редакциясы полиция департаментіне хабарласып, оқиға қатысты пікір білдіруді сұрады.
Ведомство жол апаты Бостандық ауданында болғанын хабарлады.
Полиция көлігі Навои көшесімен солтүстік бағытта, ал жеңіл көлік жүргізушісі Тоқтабаев көшесінің бойымен шығысқа қарай бара жатқан.
Қызметтік көлік басты жолмен, екінші көлік қосалқы жолмен келе жатқан.
"Шетелдік көліктің жүргізушісі жолда кедергілердің жоқтығына көз жеткізбей әрі "Жол бер" белгісін елемей, қосалқы жолдан басты жолға шығып кетіп, салдарынан полиция көлігімен соқтығысқан", - деп хабарлады полиция департаментінен.
Жол апатынан полиция қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Ал екінші көліктің жүргізушісі зардап шекпеген, бірақ оның жолаушысының жарақат алғаны белгілі болды.
Оқиғаның мән-жайын Бостандық аудынының полициясы анықтап жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда қымбат Ferrari көлігінің қатысуымен жол апаты болғанын, сондай-ақ қала маңындағы тас жолда алты көліктің қатысуымен жол апаты болып, салдарынан аяғы ауыр әйел мен оның күйеуі қайтыс болғанын хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1870364-almatyda-policia-kligini-katysuymen-zol-apaty-boldy-foto/