Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Арыстағы жарылыс жайлы: Енді мұндайға ешқашан жол бермеуіміз керек

Жарияланған күні:

Тоқаев1
Фото: Ақорда

Түркістан облысына сапары аясында мемлекет басшысы былтыр жарылыс болған Арыс қаласындағы №44859 әскери бөліміне барып, оның бүгінгі жағдайымен танысты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өткен жылғы жарылыстан кейін қоймадағы оқ-дәрілерді кәдеге жарату және оларды тасымалдау жұмыстары жайында баяндады.

Сонымен қатар әскери бөлімнің техникалық аймағындағы оқ-дәрілердің қалдығын тазалау, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, бұзылған ғимараттарды қайта қалпына келтіру туралы айтты. Бұдан бөлек президентке әскери құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар таныстырылды.

Тоқаев1
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы бұл полигонның, аталған әскери бөлімнің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

"Қорғаныс министрі жаңа маған оқ-дәрілердің қауіпсіз қоймаларда сақталып жатқанын және адамдарға қауіп тудырмайтынын баяндады. Дегенмен біз ендігі жерде мұндай жарылыстың болуына ешқашан жол бермеуіміз керек. Бұл мәселе өте маңызды және менің тікелей бақылауымда болады", – деді президент.
Тоқаев1
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында үкіметке қазіргі заманға сай қоймалар салу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Олардың елді мекендерден алыс жерлерде салынуын, жарамсыз оқ-дәрілерді уақтылы жою қажеттігін де ескертті.

"Әскери-көлік авиациясын, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштері мен құралдарын, инженерлік әскерлерді, әскери медицинаны дамыту Қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болуы тиіс", – деді мемлекет басшысы.

Былтырғы жарылыстан кейін Арыс қаласы толықтай қайта жаңарды. Әскери қызметшілер 450 мыңнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш зат залалсыздандырды. Қоймадағы оқ-дәрілерді көшіруге дайындықтың негізгі жұмыстары аяқталды.

Айта кетейік, Түркістан облысына сапары аясында Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен, Мақтааралда бөгеттің жарылуынан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1870407-tokaev-arystagy-okiga-zajly-endi-mndaj-zarylysty-boluyna-eskasan-zol-bermeuimiz-kerek/