Бүгін елімізде жалпыреспубликалық бірыңғай сынып сағаты өтеді
Опубликовано:

21 тамызда Қазақстанның барлық мектеп оқушылары үшін жалпыреспубликалық бірыңғай сынып сағаты өтеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы білім және ғылым министрлігінің Facebook желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап.
Жаңа 2020-2021 оқу жылында карантиндік шаралар жағдайында білім алушыларды оқыту форматтарымен таныстыру мақсатында 21 тамызда "Мен жаңа оқу жылында қалай оқимын?" тақырыбында еліміздің барлық оқушылары үшін жалпыреспубликалық бірыңғай сынып сағаты өтеді.
Іс-шара қашықтан өтеді, ал өткізу уақытын мектеп әкімшілігі бекітеді. Қалауы бойынша оған ата-аналар балаларымен бірге қатыса алады.
Сынып сағаты барысында сынып жетекшісі келесі мәселелерді түсіндіреді:
- Карантиндік шаралар кезіндегі оқыту форматтары;
- Қашықтан білім алу барысында пайдаланылатын интернет-платформаның мүмкіндіктерімен танысу;
- Мен және менің денсаулығым (гигиена негіздері, физикалық белсенділік);
- Жаңа оқу жылында білім алушыларды бағалау жүйесі;
- Интернетте жұмыс істеу ережелері, ақпараттық қауіпсіздік.
Еске сала кетейік, бұған дейін білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылының қалай басталатынын түсіндірген еді.
Ведомствоның мәліметінше, эпидемиологиялық жағдайларға байланысты 2020-2021 оқу жылы қашықтан білім беру форматында басталады. Ата-аналардың қалауы бойынша мектептерде 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар жұмыс істейтін болады. Бір сыныпта білім алушылар саны 15-тен аспайды.
Сонымен қатар, оқушылар мен ұстаздардың температурасы күнде өлшеніп тұратыны белгілі болды. Дене қызуы нормадан жоғары болған жағдайда және ауру белгілері анықталса, педагогтер жұмысқа шықпайды, ал оқушылар үйлеріне қайтарылады.
Сондай-ақ бұған дейін елімізде оқушылардың білімін бағалау жүйесі уақытша өзгеруі мүмкін екенін жазғанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1870447-bgin-elimizde-zalpyrespublikalyk-birygaj-synyp-sagaty-tedi/