Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бірнәрсе сұраса, маған хабар беріңіз": Шыңғыс Мұқан Шымкенттегі парақорлықты сынады

Жарияланған күні:

Шыңғыс Мұқан
Шыңғыс Мұқан. Фото: malim.kz

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан білім саласындағы парақорлық пен өзге де кемшін тұстарды сөз етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл туралы мегаполис басшысының орынбасары Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Оның сөзінше, Шымкентке келгелі бері мектепке орналастырып беруін сұрап, біраз адам хабарласқан.

"Шымкентте өзіңіз білесіз ғой, ақша бермесе, жұмысқа орналасу қиын - дейді. Оңтүстікте өскен соң, бұл тақылеттес әңгімені бала күнімізден естіп келеміз. Ешкімді қолынан ұстап алмаған соң, мектепке шынында да пара беріп орналаса ма, әлде таңдау әділ жүре ме, ол жағын жауапты басшылардың ар-ұятына қалдырдым. Менің түсінігім бойынша, әр басшы ең білікті маманды таңдап алуға мүдделі және пара алу да, беру де – қылмыс.

Құқық қорғау орындары мұқият қарап отыруы тиіс.

Ал атқарушы органдар не істей алады?

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мырза алғашқы жұмыс күнімде-ақ білім саласындағы келеңсіз осындай алып-қашпа әңгімеге негіз қалдырмау үшін мектепке жұмысқа қабылдау процедурасын цифрландыру туралы тапсырма беріп, қатаң бақылап отырғанын айтты", - деді Шыңғыс Мұқан.

Қала әкімінің орынбасары мектептерге ақша беріп жұмысқа тұрудың өзі ұят екенін жеткізді. Егер ондай жағдай болса, ондай ақпаратты мұқият қарап, тиісті органдарға өзім жетелеп апаруға дайынмын, дейді.

"Десе де, қанша жерден адами факторды болдырмауға, оған ақпараттық технологияны пайдаланғанымызбен, әр кісі бүгінгі сыбайластық - өз баласының болашағына балта шапқанмен бірдей екенін саналы түрде түсінбесе, кез келген озық жүйеден сырғып шығатын саңылау табуға болады.

Сонымен бірге, жұмыссыз қалсам да пара беріп жұмысқа орналаспаймын деп жүргендер де бар. Осындай саналы азаматтар көбейген сайын білім саласындағы да, басқа да саладағы саңылаулар жойылады. Ешкім бермесе, ешкім алмайды. Сондықтан, білім ұйымдарына жұмысқа тұруға үміттілерді ешкімге ешнәрсе бермей, заң аясында тұруға шақырамын. Біреу бірнәрсе сұрап жатса, маған хабар беріңіз", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары Ербол Садыр мен Алмасбек Мамытбеков қызметтерінен босатылғанын хабарлаған едік.

Кейін Мұрат Әйтеновтің бірінші орынбасары болып "Болашақ" бағдарламасы бойынша Гарвард университетін тәмамдаған Шыңғыс Мұқан, тағы бір орынбасары болып Президенттік кадр резервінің өкілі тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1870692-birnrse-srasa-magan-habar-beriiz-sygys-mkan-symkenttegi-parakorlykty-synady/