Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Танымал меценаттың қоры жеті балалы отбасыға екі қабатты үй тарту етті (фото)

Опубликовано:

баспана
Фото: NUR.KZ

Жеті баласы бар қарағандылық мұғалімдер отбасы күтпеген жерден екі қабатты үйге көшіп барды. Қарапайым ғана тіршілік кешіп, жеті баласын елден кем қылмай, еңбектің арқасында көгерген жанұяны "Асыл адам" қайырымдылық қоры қуантып отыр. Бұған дейін де бірнеше отбасыны баспанамен қамтыған қор мүшелері Жасұлан мен Ырза Ибагелдиновтер отбасын бекерден бекер таңдап алған жоқ. Кеше елорда маңындағы Аршалы жерінде жеті балалы отбасыға жаңа қоныстың кілті табыс етілді. KAZ.NUR.KZ қордың негізін қалаушы Көңілбай Шүкеновпен сұхбаттасып, қуанышты жайтты халықпен бөлісуді жөн көрді.

"Біздің қор "Бақытты отбасы" жобасын бірнеше жыл бұрын іске қосты. Мұндағы мақсатымыз – ешкімнен көмек сұрамай, мемлекетке қол жаймай, еңбектен қашпай-ақ, қарапайым өмір салтын ұстанған үлгілі жанұяларды елге таныту болатын. Әрине, қазіргі қазақ қоғамында баспана мәселесі әлі де өткір. Бір бөлмелі пәтерге мұқтаж қаншама жан бар. Бірақ біз мүлде басқа нәрсені көздедік. Біз өзіміз үй сыйлайтын кейіпкерлердің шын мәнінде бақытты, көпке үлгі, өнегелі отбасы болғанын қаладық. Қазіргі таңда жұрт бақытты отбасы деген ұғымды жұлдыздарға қаратып айтады.
Яғни, танымал адамдардың өміріне қызығып, солардың киген киімін киіп, ішкен асын жегісі келеді. Шын мәнінде, нағыз бақытты жанұялар ешкімге ештеңе дәлелдемей-ақ, жұрт көзіне көрінбей-ақ, баспанасы жоқ болса да, кей кездері ақшадан таршылық көрсе де, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әйелі еріне қарсы келмей, ері балалары мен жанұясын далаға тастамай, алға басып келеді. Міне, нағыз бақытты отбасы дегеніміз осындай болады", - дейді Көңілбай Шүкенов.
баспана
Фото: NUR.KZ

Осылайша, "Асыл адам" қоры қарағандылық қарапайым отбасыны таңдап алды. Жасұлан да, Ырза да мектепте сабақ береді. Екеуі алты бір, бір ер баланы өсіріп отыр. Балаларының алды 16-дан асса, соңы екі жасқа толды. Кеше Көңілбай Шүкенов бастаған қайырымды жандар тобы Ибагелдиновтер отбасына тосын сый жасап, екі қабатты үйдің кілтін табыстады. Үйдің іші түгелдей жаңа дүниелермен, тұрмыстық техникамен толтырылған.

баспана
Фото: NUR.KZ

"Жасұлан мен Ырзаны таңдауымызға себеп көп болды. Олар өз күндерін өздері көріп, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп келе жатқан жанұя. Жасұлан мұғалімдіктен бөлек, тағы үш жерде қосымша жұмыс істейді. Қолөнер бұйымдарын жасап, сатады. Десе де, жеті балалы отбасын бағып-қағу оңай емес, олар өздері ойлаған баспанаға күні кешеге дейін қол жеткізе алмай келді. Бір қуантарлығы, тұрмыс қанша қинаса да, кей кезде қажетті дүниелер жетпей жатса да, отағасы мен отанасы бір-біріне қарсы келген емес. Олар әр күнді бірге, аман, балаларымен бірге қарсы алғандарына шүкір етіп келеді. Отбасында осындай сыйластық, осындай үйлесіп болғанда балалар да бақытты болып өседі.

Ибагелдиновтердің осы қасиеті бізді ерекше қызықтырды. Осылайша, елорда маңынан мансарды бар екі қабатты үйдің кілтін табыстадық. Үй ішін су жаңа тұрмыстық техникалармен толтырдық. Олар бұрынғы үйлерінен өздеріне қажетті дүниелерді ғана алды. Қазір бәрі де қуанышты. Дүние де, үй ішіндегі тұрмыстық заттар да жалпы алғанда жай декорация ғана. Ең бастысы – отбасындағы татулық, тыныштық пен гармония. Біз олардан осы қасиетті көріп, үй сыйлауды ұйғардық", - дейді Көңілбай Шүкенов.

Кеше Жасұлан мен Ырзаның отбасы салтанатты түрде үйлеріне көшіп келіп, қуаныша бөленді.

Фото
Фото: NUR.KZ

Фото
Фото: NUR.KZ

Еске сала кетсек, осыған дейін Алматы облысы Кербұлақ ауданының кәсіпкерлері көпбалалы және жалғыз басты үш бірдей отбасыға үй алып бергенін жазған едік.

Сонымен қатар маңғыстаулық қайырымды жандар да көпбалалы анаға үй салып берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871226-tanymal-mecenatty-kory-zeti-balaly-otbasyga-eki-kabatty-j-tartu-etti-foto/

pixel