Карантин кезінде той өткізгендер туралы хабар бергендерге қанша сыйақы беріледі

Опубликовано:

жиын
Көрнекі фото: pixabay.com

Батыс Қазақстан облысында заңсыз той және басқа да отбасылық шаралар туралы хабарлаған тұрғындарға берілетін сыйақының мөлшері бекітілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

"Облыстық комиссияның отырысында банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, салтанатты, отбасылық, естелік, салттық және өзге де бұқаралық іс-шаралар (оның ішінде үйде өткізілетін іс-шаралар) туралы хабарлаған азаматтарға 20 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы беру жөнінде шешім қабылданды", - делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқандарды ынталандыруға бағытталған шешім "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы" ҚР заңының 8-бабының 3-тармағына сәйкес бірауыздан бекітілген.

Еске сала кетсек, БҚО әкімі Ғали Исқалиев коронавирустың таралуын болдырмау үшін құрылған штаб жиналысында той-жиын өткізгендер туралы ақпарат бергендерге сыйақы беру туралы ұсыныс айтқан болатын.

Айта кетейік, елде қатаңдатылған карантин шаралары жеңілдетілгенімен әлі де жаппай іс-шара ұйымдастыруға рұқсат жоқ.

Десе де, қазақстандықтар бірнеше адамның басын қосып, той жасап, құдалық күтуін тоқтатар емес. Мәселен, жақында ғана әнші Төреғали Төреәлі қарындасы Фаризаны ұзатты. Артынша жастардың қуанышы мейрамханада жалғасқан.

Кейін аталған жайтқа қатысты Алматы қаласының полиция департаменті пікір білдірген болатын. Олар әлеуметтік желілерді бақылау кезінде үйлену тойындағы фотосуреттер мен бейнелерді назарға алғандарын хабарлады.

Алайда жұлдызды отбасына айыппұл салынбады. Бұның себебін Алматы қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті түсіндіріп берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871297-karantin-kezinde-toj-tkizgender-turaly-habar-bergenderge-kansa-syjaky-beriledi/