Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға қайтаруы мүмкін

Опубликовано:

Фото
Фото: Facebook/Cұңқар Нұрмағамбетов

Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға қайтаруға болады. Бұл туралы оның адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

2019 жылдың 27 желтоқсанында Гуанчжоу сотында есірткі контрабандасы үшін айыпталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланған болатын. Қытай соты өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Сол уақытта Ақжарқынның адвокаты үкімге қарсы шағым түсірген. Алайда таяуда апелляциялық инстанция сот үкімін тағы да өзгеріссіз қалдырғаны белгілі болды.

Агенттіктің мәліметінше, енді қорғаушылар мен Ақжарқын Тұрлыбайдың отбасы оны Қазақстанға қайтару жолдарын қарастырып жатыр.

"Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы Қазақстан Республикасы ратификациялаған және 2015 жылы заңды күшіне енген келісімге сәйкес, үкімді орындау үшін ҚХР құзыретінен Қазақстан Республикасына беру әдісін Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты қолдануға болады", - дейді Сұңқар Нұрмағамбетов.   

Осы келісімнің 4-бабының ережесіне сәйкес, сотталушы жазасын өз елінде өтеу үшін жазбаша келісім беруі керек.  

Қазіргі кезде қорғаушылар мен Ақжарқын Тұрлыбайдың жанұясы отандасымызды Қазақстанға берудің ықтимал тәртібін қарастырып жатыр.

"Ақжарқынды Қазақстанға қашан беретінін қорғаушы тарап нақты білмейді, бірақ елге ертерек оралуына мүдделіміз", - дейді Ақжарқынның қорғаушысы.

Еске сала кетейік, Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды.

Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871392-akzarkyn-trlybajdy-kazakstanga-kajtyruy-mmkin/