Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақмола облысынан мамонт сүйегі табылды

Опубликовано:

Мамонт
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақмола облысы Бұланды ауданынан ерте замандағы жануардың сүйегі табылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Ұзындығы бір метрден асатын сүйекті мамандар "мамонттікі" деп болжап отыр. Жалпы бұл жануардың қаңқасы осы аймақтан бұрын да табылған. Бірақ дәл осы Бұланды ауданының аумағынан бірінші рет кездесіп отыр екен. 

Ерекше жәдігерді тапқан Буденовка ауылының тұрғыны- Валерий Дубовик. Іргедегі өзенге әдеттегідей балық аулауға келген ол, жағалаудағы құм арасынан  ерекше дүниені байқайды. Ал оның мамонттың сүйегі екенін білген балықшы "балық аулаймын деп, мамонт ұстап қайттым" деп әзілдейді.

"Балық аулауға келе жатып, ақ түсті бір затты байқадым. Құбыр шығар деп ойлап, қасына барғанда оның сүйек екенін білдім. Сөйтіп, қаза бастадым. Сөйтсем, сүйек, өте үлкен екен. Суретке түсіріп алдым да қайтадан көміп, дереу әкімдікке хабарладым.

Ең қызығы, осы жерге жиі келеміз. Бірақ сүйекті енді ғана көріп тұрмын.  Иә, сүйек, расында өте үлкен екен. Ұзындығы 1 метр 5 см. Ал жуандығы 25-30 см дейін жетеді. Әрі ол жақсы сақталған. Бір басының ғана сәл сынғаны болмаса, басқа жерлері бүтін",- дейді ол.

Мамандардың айтуынша, бұл мамонттың иық сүйегі болуы мүмкін. 

"Болжам бойынша – бұл осыдан 10 мың жыл бұрын өмір сүрген мамонттың сүйегі. Ол 50 мың жыл бұрын мекен еткен болуы да мүмкін. Сондықтан нақты мәлімет пен толық қорытындыны Алматыдағы палеозоологтар ғана бере алады. Біз оларға сүйектің фотосуреттері мен деректерін жібереміз", - дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері Дана Сұлтан.

Аймақта мұндай жәдігерлер бұрын Зеренді, Шортанды, Жақсы аудандарынан да табылған екен. Олардың арасында 2 метрге дейін жететіндері де бар. Алайда толық бір қаңқа әлі күнге дейін жиналған емес. Сондықтан олар алдағы уақытта оны да кезіктіріп қалармыз деп үміттенеді.

"Осы аумақты белгілеп, ары қарай қазу жұмыстары жүргізіледі әлі. Соның арқасында мүмкін ары қарай тағы да сүйектер табамыз деп ойлаймыз. Енді биыл болмайды ол. Мүмкін ендігі жылы. Жоспарға алып оны, бюджетке қойып, жоспарға алып, сол жағынан жұмыстар ұйымдастыру қажет",- дейді археолог Рауан Ержанов.

Себебі биылғы жылдың археологиялық маусымы аяқталды дейді қазба жұмысымен айналысатындар.

Айта кетейік, Канадада балықшылар қанаты мен тұмсығы бар "құбыжық балықты" ұстап алды. Белгісіз балық түрі көпшіліктің зәресін ұшырған.

Ал оған дейін Багам аралдарында досының қайығында туған күнін атап өтіп жатқан америкалық әйел күтпеген жерден акулаға жем бола жаздады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871517-akmola-oblysynan-mamont-sjegi-tabyldy/

pixel