Әйгілі "Қара бүркіт" колониясының басшысы қамауға алынды

Опубликовано:

Колония
Көрнекі фото: RostovGazeta

Бұқаралық ақпарат құралдары УК-161/3 мекемесінің басшысы Арман Әбіловтің қамауға алынғаны туралы ақпаратты таратуда. Аталмыш колония "Қара бүркіт" атауымен танымал деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

"Қара бүркіт" колониясында өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталушылар жазасын өтейді. Колония басшысының қамауға алынғанын Қостанай облысы Қылмыстық-атқарушылық жүйе департаменті растады.

"ТоболИнфо" агенттігінің ақпаратына сәйкес, "Қара бүркітті" 2019 жылдың желтоқсанынан бері Арман Әбілов басшылық етеді.

Оны параның 700 мың теңге көлеміндегі екінші бөлігін алып жатқан сәтінде қамауға алған. Басылымның мәліметі бойынша, параның жалпы сомасы 1 млн теңгені құраған.

Бұл пара колониядағы сотталушының жағдайын жасау үшін алынған көрінеді. Бүгінде аталмыш факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Қостанай облысы ҚАЖД өкілі бұл жайтқа қатысты NUR.KZ порталына түсініктеме берді.

"Қамауға алынғаны рас, алайда оқиғаның мән-жайын біз білмейміз. Операцияны ҰҚК қызметкерлері жүргізді", - деп жауап берді мекеме.

ҚР ІІД ҚАЖД баспасөз қызметі болса, ақпарат нақтыланғаннан кейін бұл жайтқа қатысты пікір білдіретіндерін алға тартты.

Ал коррупцияға қарсы қызметтегілер бұл жағдайдан хабарсыз болып шықты. Олар портал тілшісіне ақпаратты кейінірек беруге уәде етті.

Айта кетсек, бүгінде колонияда Қазақстанның әр түкпірінен өмір бойына бас бостандығынан айырылған 130 адам жазасын өтеуде. Дәл осы түрмеге Владислав Челах отырғызылған. Ол "Арқанкерген" кеден бекетінде өз әріптестерін атып тастағанына кінәлі деп танылған болатын. Одан бөлек мұнда тоғыз адамды атып өлтірген алматылық Руслан Күлікбаев жазасын өтеуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871555-kara-brkit-koloniasyny-bassysy-kamauga-alyndy/