Атырауда өзгенің картасын тауып алып, ішіндегі ақшасын шешіп алған алаяқ ұсталды

Опубликовано:

Банкомат1
Көрнекі фото: pixabay.com

Атырау облысы, Мақат ауданының полициясы өзгенің банк картасын пайдаланған 40 жастағы алаяқты ұстады. Зардап шегуші оны жоғалтып алған, ал күдікті оны тауып алып, ішіндегі ақшаны шешіп алған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақжайық басылымына сілтеме жасап.

Карта иесі өзінің несие картасын жоғалтып алғанын ұялы телефонына ақша шешілгені туралы хабарлама келгенде бір-ақ байқаған. Оның айтуынша, есіне сақтай алмайтын болғасын, картасымен бірге пин-код нөмірі жазылған қағазды бірге салып жүрген. Алаяқ осыны пайдаланған.

"Ұсталған әйел - Ақтөбе облысының тұрғыны. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде", - деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Атырау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, жыл басынан бері Атырау облысында интернет-алаяқтықтың 400-ге жуық дерегі тіркелген. Бүгінде оның 150-ден астамы ашылған.

"Алаяқтық әрекеттерінің алдын-алу, әшкерелеу мақсатында арнайы іс-шаралар ұдайы жүргізілуде", - дейді Нұрхат Оразбаев.

Ал облыстық соттың мәліметінше, жыл басынан бері 190-бап бойынша 50-ден астам адам сотталған, олардың 20-сы нақты бас бостандығынан айыру жазасын алған.

Айта кетейік, бұған дейін Атырауда телефон арқылы бопсалауға ұшыраған әйелдің өз-өзіне қол жұмсағанын жазған едік.

Сонымен қатар Қызылорда облысының полицейлері үш тұрғынды алдаған алаяқты ұстағанын хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871807-atyrauda-zgeni-kartasyn-tauyp-alyp-isindegi-aksasyn-sesip-algan-alaak-staldy/