Қойшы сеніп тапсырылған мыңнан астам қойды сатып жіберген

Опубликовано:

Қой1
Көрнекі фото: piqsels.com

Түркістан облысының полицейлері 53 миллион теңге тұратын өзгенің малын сатқан қойшыны ұстады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Отырар аудандық ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, оның мыңнан астам бас қойының жоғалғаны туралы арызданған. Жәбірленушінің айтуынша бұл қылмысқа, малдарының жоғалуына малын сеніп тапсырған, яғни баққан қойшының қатысы болуы мүмкін. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 53 миллион теңгеден асты.

Отырар АПБ-нің полицейлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің ізіне шығып, оны Нұр-сұлтан қаласында ұстады. Жедел уәкілдер жасырынған шопанды полиция бөліміне алып жеткізді. Ол өз әрекетін толық мойындады.

Тергеу барысында күдікті екі жыл ішінде жәбірленушінің 1060 қойын бөліп сатқаны, ал ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды. Бүгінде тәртіп сақшылары ұрланған 30-ға жуық қойды заңды иесіне қайтарды.

Аталған жайт ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда.

Еске салсақ, Қызылорда облысының ауыл тұрғындарының қойын ұрлаған барымташы қолға түскені туралы жазған едік.

Оған қоса, Атырау облысы, Мақат ауданының полициясы өзгенің банк картасын пайдаланған 40 жастағы алаяқты ұстады. Зардап шегуші оны жоғалтып алған, ал күдікті оны тауып алып, ішіндегі ақшаны шешіп алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1871861-kojsy-senip-tapsyrylgan-mynan-astam-kojdy-satyp-zibergen/