Атырауда ер адам түн ішінде көршісінің үйіне баса-көктеп кіріп, оны тонап кеткен

Опубликовано:

Ақша теңге1
Көрнекі фото: NUR.KZ

Атырау полицейлері ізін суытпай жалғыз басты зейнеткерді тонап кеткен күдіктіні ұстады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиғаның мән-жайын зейнеткер өзі баяндады. Айтуынша, түн ортасында көршісі пәтеріне баса көктеп кірген.

"Түн ішінде пәтеріме баса-көктеп, осы үйде тұратын көршім кіріп келіп, қылғындырып, ақша, банкомат карточкамды, телефонымды талап етті. Өзі жұмыс жасамайды, ішімдік ішкенді жақсы көретін жігіт. Өміріме төнген қауіптен қорыққанымнан ұялы телефонымды, банкомат карточкамды беріп құтылдым", – дейді Авангард 2-ықшам ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің тұрғыны 67 жастағы зейнеткер.

Есін жиып, өз-өзіне келген соң тұрғын көршілеріне барып, полицияға хабар берген.

Тәртіп сақшылары жәбірленушіден тонаушының түр келбеті мен үстіне киген киімдерін сұрастырып, біліп жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізген.

Ұзамай, күдіктінің жүрген жері анықталып, жедел-іздестіру шараларымен 29 жастағы азамат ұсталған. Одан айғақ заттар алынып, зейнеткерге қайтарылған.

Қазір аталмыш факіт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғыны өзінің туысын тонап кеткен деген күдікке ілінген болатын. Қолды болған қаржы көлемі 6 миллион теңгені құрайды.

Сонымен қатар Ақтөбеде жәбірленушінің үйінде қонақта болып, оның ұялы телефонын ұрлап алып, Kaspi қосымшасы арқылы 325 мың теңгені өзінің шотына аударып алған күдікті жайлы да жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872017-atyrauda-er-adam-tn-isinde-krsisini-jine-basa-kktep-kirip-ony-tonap-ketken/