Димаш музыкатану ғылымдарының кандидаты дәрежесін алмақшы

Опубликовано:

Димаш1
Фото: Artyom Geodakyan\TASS via Getty Images

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қазақ ұлттық өнер университетінің докторантурасына оқуға түсті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл сүйінші хабар бір күн бұрын университеттің Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланды.

"2020-2021 оқу жылына "Қазақ ұлттық өнер университетіне" докторантураға қабылданған талапкерлер тізімі белгілі болды.

Олардың қатарында: "Музыкатану" мамандығы бойынша Құдайберген Дінмұхаммед Қанатұлы, "Аспапта орындаушылық" мамандығы бойынша Даутбаева Айгерим Файзуловна және "Музыка педагогтарын даярлау" мамандығы бойынша Жумашева Айгерим Ерболатовна.

Қабылданған түлектерді құттықтай отырып, алдағы ғылыми дәрежелерін абыроймен қорғап шығуларына тілектеспіз!",– делінген жазбада.

Осы арада, Димаштың өзі қайтадан студент болуға бел буғанын әлі жариялаған жоқ. Алайда, жанкешті жанкүйерлер әлеуметтік желілерде өздерінің сүйікті әншісін жарыса құттықтап жатыр.

Оған қоса, Қазақстанды күллі әлемге танытып жүрген Димаш Құдайбергеннің "Қайран елім" атты әніне түсірілген бейнебаяны желіде жарық көрген еді. Бұны көрген желі оқырмандары Димаштың әншіліген бөлек, адамгершілігін сөз етті.

Еске салсақ, Димаш Құдайберген польшалық фанаттарға алғыс айтып, жүрекжарды лебізін жеткізген болатын. Себебі шетелдік тыңдармандар Димаштың жеке шығармашылығына арналған радио ашқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872327-dimas-muzykatanu-gylymdaryny-kandidaty-drezesin-almaksy/