Қазақстанда демалыс күндері ауа райы қандай болады
Опубликовано:

Синоптиктер елімізде 5-7 қыркүйекте ауа температурасы төмендейтінін хабарлады. Демалыс күндері солтүстік-батыс антициклон әсерімен салқын, бірақ құрғақ ауа райы келеді. Бұл, әсіресе, елдің батыс және оңтүстік облыстарына байқалады деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы "Қазгидромет" РМК-ке сілтеме жасап.
Ауа райын болжаушылар таратқан ақпаратқа сәйкес, оңтүстік өңірлерде ауа температурасы күндіз 17-25 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар, солтүстік және шығыс облыстарға Таймыр аудандарынан суық ауа келетіні де хабарланды.
Еліміздің мегаполистеріндегі ауа райы
Нұр-Сұлтан қаласы
5 қыркүйекте елордада ауа райы бұлтты болып, аздап жаңбыр жауады. Жел секундына 3-7 метр жылдамдықпен соғады деп күтілуде. Түнде 8-11, күндіз – 10-12 градус жылы.
6 қыркүйекте ауа райы бұлтты болып, аздап жауын өтеді, жел секундына 4-10 метр жылдамдықпен соғуы ықтимал. Түнде 8-9 градус, күндіз 12-13 градус жылы.
7 қыркүйекте көшпелі бұлт шығып, жаңбыр жауады деп күтіліп отыр. Жел секундына 6-13 метр жылдамдықпен соғуы мүмкін. Түнде 8-9 градус, күндіз – 9-10 градус.
Алматы
Мамандар 5 қыркүйекте оңтүстік астанада ауа райы ашық болады деп болжап отыр. Желдің жылдамдығы секундына 1-5 метрге жетуі ықтимал. Түнде 18-20, күндіз 25-27 градус жылы.
6 қыркүйекте көшпелі бұлт шығады, аздаған жаңбыр жауады. Екпіні секундына 1-6 метр болатын жел соғады. Түнде ауа температурасы 19 градус, күндіз 24-25 градус жылы болады.
7 қыркүйекте көшпелі бұлт шығады, аздап жаңбыр жауады. Секундына 2-10 метр екпінмен жел соғады. Түнде ауа температурасы 15-16 градус, күндіз – 18-20.
Шымкент
Синоптиктер мәліметінше, 5 қыркүйекте Шымкентте жауын-шашынсыз ашық ауа райы сақталады. Екпіні секундына 2-7 метр жел соғады. Түнде ауа температурасы 19-21 градус, күндіз 29-30 градус болады.
6 қыркүйекте дәл солай жауын-шашынсыз ашық ауа райы сақталады. Желдің екпіні – секундына 4-10 метр. Түнде ауа температурасы 19-21 градус, күндіз 24-25 градус жылы болады.
7 қыркүйекте ауа райы жауын-шашынсыз болады деп болжанды. Желдің екпіні – секундына 2-12 метр. Түнде ауа температурасы 12-14 градус, күндіз 21-24 градус жылы болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін белгілі қазақстандық астролог Ирина Әбдірайымова күздің бірінші айына болжам жасаған болатын.
Сонымен қатар синоптиктер бүгін 4 қыркүйекте Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде қатты жаңбыр жауып, бұршақ жаууы мүмкін екенін хабарлаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872622-kazakstanda-demalys-knderi-aua-rajy-kandaj-bolady/