Елімізде бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың бірыңғай регистрі жасалады

Опубликовано:

бала сүю
Көрнекі фото: shutterstock.com

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі белсіздік пен бедеулікке шалдыққан жұптардың ұлттық бірыңғай регистрін дайындап жатыр. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша республикада 9 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр.

Ол президент өз жолдауында 2021 жылы "Аңсаған сәби" бағдарламасын іске қосуды тапсырғанын еске салды. Оған жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бала сүюге ниетті кез келген жұп қатыса алады.

"Пациент осы бағдарлама аясында жылына бір рет ЭКҰ жасай алады. Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры биыл 1105 ЭКҰ-ға 943 миллион 800 мың теңге қарастырған. Ал президент үкіметке келесі жылдан бастап квота санын 7 мыңға дейін, яғни жеті есеге ұлғайтуды тапсырды", - деді ол.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 26 ЭКҰ орталығы жұмысы істейді, оның 21-і – жекеменшік. Осы уақытқа дейін осындай жолмен 22 мыңнан астам бала дүниеге келген.

ЭКҰ бағдарламасы 2010 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне қосылған.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сәби сүйе алмай жүрген жанұяларға көмек көрсету қажет екенін айтқан болатын.

Мемлекет басшысы еліміздегі әрбір алтыншы жанұя сәби сүйе алмайтынын атап өтті.

"Отбасы-демографиялық жағдай алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнаманың көрсеткішіне сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы бұны ажырасудың айтарлықтай себебі деп есептейді.
БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көршілерімізбен салыстырғанда Қазақстан халқының өсіміне болжамы көңіл көншітерлік емес. Үкіметке 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек", - деді Президент жолдауында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872731-elimizde-bala-sje-almaj-zrgen-erli-zajyptylardy-birygaj-registri-zasalady/