Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зейнетақы жинағы баспанаға жете ме

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Бейнеттің зейнетін көрмейтіндер көп. Екі күннен бері қызу талқыға түскен зейнетақы қорындағы қаржыдан қағылатынына көпшілік қапалы. Негізінен мұғалім, дәрігер секілді жалақысы төмен қызметкерлердің қордағы жинағы жетпей қалатын секелді. Экономистер де бұл бастаманы мақұлдаған мамандар "халықтың әлеуетін есепке алмады" деген пікірде. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қарағандылық Екатерина Сухачева 12 жылдан бері еңбек департаментінде жұмыс істеп жүр. Алайда бүгінге дейін зейнетақы қорында жиналған қаржысы бір жарым миллион теңгеге де жетпеген. Сол үшін шарт шеңберінде ақшасын ала алмайды.

"Әр адамның өз зейнетақы қорындағы ақшасын алуға құқығы болу керек. Біріне беріп, екіншісі ала алмаған болмайды. Жасым отыздан асты. Жаңа бағдарламаның арқасында ипотекаға үй алам ба деп үміттеніп ем. Мен секілді қаншама адам бар", - дейді әйел.

Телеарна мәліметінше, жинақ қорынан ақша алу туралы жаңалық шыққанда, көбісі дәмелі болған. Бірақ айналып келгенде айлығы шайлығына жетпейтіндер қағылып, ақшаны күрекпен тауып жүрген қызығын көретін түрі бар, дейді экономистер.

"Экономистердің санағаны бойынша, олар алтын көпір табамыз деп есептеді. Барлығына қолжетімді болатындай жасамаған. Жалақысы жоғары адамдарға тиімді. Мұнай саласы, экономика саласы, қаржы саласы. Мысалы, мұғалімдер, дәрігерлер немесе үкіметке жұмыс жасайтын адамдарға тиімділігі келмей тұр", - деді сарапшы Бақнұр Зиябеков.

Мамандар зейнетақы жинағынан үлесін алғандар негізінен ақшаны пәтер алуға жұмсайды деген ойда. Қаңтарда құн қымбаттайды деген болжамын риелторлар қазірден айтып жатыр.

"Жылжымайтын мүліктің бағасын қолдан қымбаттатуы мүмкін. Өйткені пәтерін сатушылар пайдасын одан сайын еселеп қалғысы келеді. Біздің болжам бойынша, мегаполистердегі баспана құны шамамен бес пайызға қымбаттайды", - деді жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Айнұр Құдайбергенова.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске салсақ, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2021 жылы қазақстандықтардың қайсысы зейнетақы жинағынан ақша ала алатынын айтқан еді.

Оған қоса, министр зейнетақы жинағындағы "жеткіліктік шегіне" қатысты түсініктеме берген болатын.

Сонымен қатар, баспанасы бар тұрғындардың зейнетақы жинағын басқа тұрғын үй алуға пайдалана алатыны белгілі болды. Белгілі болғандай, бұл бағытта ешқандай шектеулер болмайды, яғни халыққа ақшаны тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану мүмкіндігі беріледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1872763-zejnetaky-zinagy-baspanaga-zete-me/

pixel