"Бір балл жетпей қалған": ҰБТ-да жоғары ұпай алған 5 түлектің аты-жөні жарық көрді

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Калиев

Ұлттық тестілеу орталығы барлық бейнежазбаны талдауды өткізгеннен кейін ҰБТ-да жоғары ұпай алған түлектердің аты-жөнін жариялады деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловтың сөзінше, жоғары ұпай алған түлектердің аты-жөні бірден жарияланбаған. Өйткені тест тапсыру пунктерінде орналасқан бейнежазбалардың барлығы талдаудан өткізіліпті. Бұл жұмыс тамыздың соңында аяқталды.

"2020 жылдың маусым айындағы ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері бойынша ең жоғары балл алған бес мектеп түлегін атап өтуге болады. Соның ішінде 138 балды төрт түлек және 139 балды бір түлек жинады. Қолданыстағы ережеге сәйкес, ҰБТ-дағы барлық бейнежазба 25 тамызға дейін талдаудан өтіп, тыйым салынған заттардың қолданылмағанына көз жеткізген соң олардың есімдерін енді жария етіп отырмыз", - деді ол.

Осылайша, биылғы ҰБТ-да бес түлек ең жоғары ұпай жинағаны белгілі болды. Олар:

  • Шәмші Ақберен Серғалиқызы – 139 ұпай;
  • Әбдіманап Абзал Бауыржанұлы – 138 ұпай;
  • Қуаныш Гүлнұр Ердіханқызы – 138 ұпай;
  • Бекжігіт Сымбат Амангелдіқызы – 138 ұпай;
  • Күлжанова Салтанат Асқарқызы – 138 ұпай.

ҰБТ-да жоғары ұпай алған талапкердің үшеуі – Түркістан облысының түлегі.

Басылым мәліметінше, Ақберен Шәмші Ордабасы ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясын бітірсе, Абзал Әбдіманап Теспе ауылдық мектебін тәмамдаған. Ал Гүлнұр Қуаныш Арыс қаласының Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында білім алған.

Сымбат Бекжігіт Шымкент қаласындағы қыздарға арналған №2 "Білім-инновация" лицей-интернатта оқыған. Салтанат Күлжанова болса, Маңғыстау облысының тумасы. Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе ауылының мектебін бітірді.  

Ұлттық тестілеу орталығының директоры ең жоғары ұпай жинаған бес түлекке ноутбук сыйға тартылатынын да атап өтті.

"Күні кеше республикалық комиссияның шешімімен осы ұсыныс қолдау тапты. Соның негізінде осы бір айдың ішінде оқуда пайдасы мол, оған қоса қазіргі қашықтықтан оқыту кезінде таптырмас көмекші құрал болатын ноутбуктерді сыйға тартпақпыз", - деп атап өтті Смағұлов.

Еске сала кетсек, білім және ғылым министрлігі 21 маусым мен 1 шілде аралығында еліміз бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізіліп, өз мәресіне жеткенін жария етті.Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, биыл тестілеуге қатысуға рекордтық көлемде өтініштер қабылданды:

  • 131 754 өтініш тіркелді, оның 111 113-і, яғни 82 пайызы биылғы мектеп түлектері. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12%-ға төмен болған.

Сонымен қатар, Дидар Смағұлов әлеуметтік желісіндегі парақшасында кейінірек ҰБТ-да 138 балл жинаған түлек грантынан айырылып қалғанын хабарлаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872788-bir-ball-zetpej-kalgan-bt-da-zogary-paj-algan-5-tlekti-aty-zni-zaryk-krdi/