"Мұны Мейрамбек, Сәкен айтуы тиіс": Отандық журналист Алаш арыстарын қорлағандарға шүйлікті

Опубликовано:

Фото
Фото: Әлеуметтік желіден алынды

Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновты "тик-ток" арқылы тірілтіп, билеткен кімдер? Отандық журналист Нұрсейіт Жылқышыбай ұлт ардақтыларын мазақ қылғандарға шүйлікті. Оның айтуынша, мұндай бассыздыққа жол беруге болмайды. Журналист "тик-токерлердің" тым шектен шыққанын айтып, дабыл қағуда деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Заманның дамығаны дұрыс қой. Бірақ әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрғанда бізге көп нәрсеге абай болу керек. Жақында ұлы Абай бабамызды "тик-ток" деген пәлемен билетіп қойған еді. Бұған жұрт бір шулады да қойды. Енді ұлты үшін жанын пида еткен Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановты да осы қосымша арқылы "тірілтіп", мойындарын қозғалтып, билетіп жіберіпті. Бұл масқара емес пе? Қазіргі ұрпақтың аруақтарды дәл бұлай қорлағаны болмайды.

Өкінішке қарай, бұған қарсы шығып жатқан ешкім жоқ. Мұның артында кімдер тұрғанын анықтау керек. Егер осыны жасаған адамдар табылса, жазалау қажет. Ұлт ардақтыларын бұлай аяқасты еткеніміз біздің елдігімізге сын. Мұны мен ғана емес, әлеуметтік желіде миллиондаған оқырмандары бар Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаевтар да айтуы тиіс! Тезірек қолға алып, баба рухын қорлағандарды орнына қойған дұрыс", - дейді журналист.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін әлеуметтік желі қолданушылары соңғы кезде танымал болып жүрген "тик-ток" қосымшасында еліміздің біртуар азаматтары Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановты "билетіп" қойғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872802-mny-mejrambek-sken-ajtuy-tiis-otandyk-zurnalist-alas-arystaryn-korlagandarga-sjlikti/