Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ісімді қараған да жоқ": Мопед қағып, басы жарылған ару полицейлер әрекетіне шүйлікті

Опубликовано:

Ардаша
Видеодан кадр: Instagram/ ardasha.n

Ардақ Шегебек есімді Алматы тұрғыны жол-көлік оқиғасына ұшырап, басынан қатты жарақат алып қалған. Белгілі болғандай, бойжеткенді қаққан мопед оған көмектеспей, оқиға орнынан қашып кеткен. Өзіне зақым келтірген адамды таппақ болған ару бірден полицияға жүгінді. Алайда, оның айтуынша, құқыққорғаушылар тарапынан ешқандай көмек болмаған. Шарасыздықтан ашынған азаматша барша отандастарына үндеу жолдап, өз жанайқайын жеткізген деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Анықталғандай, оқиға 18 тамыз күні кешкі сағат 20:40 шамасында орын алған. Таксиден түсе беріп, велосипедтерге арналған жолдан өтпек болған бойжеткенді жоқ жерден мопед қағып кетеді. Ардақ Шегебектің айтуынша, ол жолды өтпес бұрын жан-жағына мұқият қараған. Алайда, мопедистің аяқ асты қайдан шыққанын байқамай қалыпты.

Зардап шеккен арудың сөзінше, оған алғашқы көмекті жанынан өтіп бара жатқан адамдар көрсеткен. Оқиға куәгерлері бірден жедел жәрдем мен полицияға хабарласқан. Ардақ Шегебек басынан жарақат алып, жерде қаңсырап жатқан. Жол-көлік оқиғасының орнына келіп жеткен медицина қызметкерлері оны №7 ауруханаға жеткізді. Ол жерде бойжеткеннің бас-миы шайқалғаны анықталды. Оның үстіне соқтығысу кезінде жерге құлаған алматылық арудың аяқ-қолы да зақымданған.

Ардаша
Фото: Жеке мұрағат/ NUR.KZ
"Ауруханаға жеткенде маған полициядан хабарласып, жеке куәлігімді суретке түсіріп жіберуімді сұрады. Алайда, содан кейін хабар да болған жоқ. Ертесіне құрбыммен бірге Алмалы аудандық полиция басқармасына барып, арыз жазбақ болдық. Бірақ, шағым түсірмек түгілі, басқарма ішіне кіргізбеді. Тәртіп сақшылары бір-біріне сілтеп, ақыр-соңы 102-ге хабарласуға кеңес берді.

Біз басқарма алдында сол нөмірге хабарластық. Бізге арнайы бригада келетінін айтып, күтуімізді сұрады. Қырық минут өткен соң, полиция келмейтінін мәлімдеді. Басқармаға тағы барғанымызда, ақыры ішіне кіріп, арызымызды қабылдады. Артынан бізге талон берді. Полицейлер ертең хабар болатынын айтты. Арыздың өзін әрең қабылдады. Алайда, қозғалыс болмады", - деп ашынды ару Instagram парақшасында.

Ардақ Шегебектің айтуынша, ертесіне оның ұялы телефонына 1414 нөмірінен хабарлама түскен. Онда оның ісі қарастырылмайтын болғаны мәлімделген. Басынан қатты жарақат алған бойжеткен тәртіп сақшыларының бұл әрекеттеріне шүйлігіп, кімнен көмек сұрайтынын білмей қалған. Шарасыздыққа тап болған ол басынан өткен жағдайымен барша қазақстандықтармен бөлісуді жөн көрген.

Ардақ Шегебек Instagram парақшасында өз жанайқайын жеткізіп, арнайы видео үндеу жариялады. Ол кімнен көмек сұрайтынын білмей отырғанын айтты.

KAZ.NUR.KZ тілшілері қалалық полиция департаментіне хабарласып, аталған оқиғаға қатысты пікір алды. Құқыққорғаушылардың өкілі жол-көлік апатына кінәлі адамды жақын арада табатынын айтты.

"Аталған жағдай Алмалы аудандық полиция басқармасының әкімшілік тәжірибесі бойынша бөлімінің өндірісінде тұр. Зардап шеккен азаматшаның алған жарақаттарының деңгейін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Оған қоса, жергілікті полиция қызметіне қарасты іздестіру бөлімінің қызметкерлері қазіргі таңда мопед жүргізушісін іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол міндетті түрде анықталып, тұтқындалады. Кінәлі азамат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады", - деді қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Алайда, Ардақ Шегебектің айтуынша, полиция кінәлі жүргізушіні табамыз деп уәде еткенімен, іс әлі де қозғалмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872893-isimdi-karagan-da-zok-moped-kagyp-basy-zarylgan-aru-policejler-reketine-sjlikti/

pixel