Коронавирус пен тұмауды бір уақытта жұқтыру қаупі бар ма
Опубликовано:

Күзде коронавирустың екінші толқыны болады деген болжам бар. Бірақ осы вирус тұмаудан кейін бола ма? Жоқ, әлде онымен қатар жүре ме? Жалпы, тұмау мен вирустық инфекциялар маусымы COVID-19 пандемиясымен қалай қабаттасады? Бұл сауалдарға білікті мамандар жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
Астана медициналық университетінің доценті, инфекционист Баян Тұрдалинаның сөзінше, коронавирус пен тұмаудың адам ағзасын зақымдау белгілері 40 пайызға ұқсайды.
Мысалы, тұмау кезінде қан тамырларына зақым келеді. Қазіргі коронавирус та дәл солай әсер ететіні дәлелденіп жатыр. Сондықтан диагностика дұрыс жасалмаса, тұмаудың орнына Sars-Cov-2 диагонозы қойылуы да ықтимал.
"Әрине, кез келген вирустық инфекциядан кейін адамның иммунитеті төмендейді. Сол себепті жазылған соң сақтық шараларын сақтамасаңыз, Covid-19-бен ауырып қалуыңыз әбден мүмкін. Негізі, үйден шықпай, толықтай емделіп шыққан дұрыс. Өкінішке қарай, адамдар ауырып тұрса да, жұмысқа бара береді. Оны да азайту керек", - дейді білікті маман.
Баян Тұрдалина адамның тұмау мен коронавируспен қатар ауырып қалуы да мүмкін екенін де жоққа шығармады.
"Мысалы, тұмаумен ауырып жүрген адаммен қарым-қатынаста болып, екі-үш күннен кейін коронавирусы бар адаммен байланыста болсаңыз, ол екі вирус та қосылуы мүмкін. Ондайда асқынуы да мүмкін. Тұмау төрт күннің ішінде шықса, коронавирус он төрт күннің ішінде білінеді. Енді, әр адамда әртүрлі. Ол иммунитетке және вирустық жүктемеге байланысты. Екі вирустың қосарлануы әбден мүмкін", - дейді Астана медициналық университетінің доценті.
Инфекционист Алтынгүл Исламбекқызы да осы жолғы коронавирустың тұмаумен бірге жүретінін жеткізді. Оның сөзінше, бұның барлығы ғылыми тұрғыда дәленденбесе де, күнделікті өмірде анық байқалып отыр екен.
"Қазір бізде "ОРВИ"-мен басталып, кейін пневмонияға шалдығу жағдайлары бар. Ол науқастар COVID және пневмониямен ауырып шыққан. Енді, "ОРВИ"+пневмония болып жатыр. Алайда ПТР-тест теріс нәтиже көрсетіп тұр. Күзде қалай болатынын нақты айту қиын", - дейді Исламбекқызы.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысының коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатқанын хабарлаған едік.
Сонымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласының да COVID-19-дың екінші толқынына дайындалып жатқанын жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873050-koronavirus-pen-tmaudy-bir-uakytta-zktyru-kaupi-bar-ma-infekcionist-pikir-bildirdi/