Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өзіме көңіл бөлмедім": Салмағы жүз келіге жеткен келіншек қалай арықтағанын айтты

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

БҚО тұрғыны Сильвия Тұяқова жас кезінде сымбатты мүсінімен мақтанған келіншектердің бірі. Алайда, уақыт өтіп, балалы болған соң көптеген әйелдер секілді Сильвия да салмақ қоса бастады. Бала-шаға мен үйдің қамы деп жүрген ол өз салмағының жүз келіге жақындағанын байқамай қалған. Бүгінде жасы қырықтан асқан Сильвия KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, қайтадан қалыпты мүсінге қалай қол жеткізгенін айтты.

"Тұрмысқа шықпай тұрып, 58 келі тартатынмын. Яғни, жас кезімде менде артық салмақпен мәселе болған емес. Ал отбасылы болып, бала босанған соң, дене салмағым арта бастады. Шынымды айтсам, өзіме көп көңіл бөлмедім бе, әйтеуір, домаланып кеткеніме көп мән бермедім. Бала туған әрбір әйел үшін қалыпты жағдай деп ойладым. Бірақ бұл дұрыс емес екен. Әйел адам ең бірінші кезекте өз денсаулығына, өз сұлулығына мән беруі қажет. Басында бұлай ойламағандықтан, салмағымның 97 келіге жеткеніне аса қиналмадым", - дейді ол.

Уақыт өте келе Сильвия жүріс-тұрысының ауырлағанын, ал той-жиындарда ағайын-туыстың салмағына байланысты көп сын айта бастағанын байқайды.

"Қазақ болған соң, той-томалаққа бармай тұра алмайсың. Осындай сәттерде көпшілік маған ескерту айта бастады. Шамасы, салмағым шектен шығып кетсе керек. Бәрі бұрынғы мүсінімді еске салып, өзімді осыншалықты тастап жіберуімнің себептерін сұрап жатты. Сол кезде оған айтарлықтай себеп жоқтығын, бәрі де өзіме дұрыс көңіл бөлмегенімнен екенін ұқтым. Дереу өзімді қолға алуға кірістім. Диетолог Нұрила Азизақызының марафонынан үздіксіз бес ай қатысып, 35 келі салмақ тастадым", - дейді Сильвия.

Бүгінде қалыпты мүсініне қайта қол жеткізген ол барша қыз-келіншектерді өздерін күтуге, өз денсаулығы мен сұлулығына көңіл бөлуге шақырды.

"Үй деп, бала деп жүре беруге болмайды екен. Өзіңді күтпесең, ел арасындағы қадірің де төмендей бастайды. Барша нәзік жандыларға айтарым осы. Бала босанған соң тез қалыпқа келіп, жиналуға тырысыңыздар. Әйел адам қашанда сұлулық символы болып қалады. Сол атқа лайық болайық", - дейді ол.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Батыс Қазақстан облысында бірнеше жыл бала сүйе алмаған әйел арманына қалай қол жеткізгенін айтып берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873315-zime-kil-blmedim-salmagy-zz-kelige-zetken-kelinsek-kalaj-aryktaganyn-ajtty/