Із-түссіз жоғалған 26 жастағы қостанайлықтың денесі Тобыл өзенінен табылды
Опубликовано:

10 күн бұрын жоғалып кеткен Қостанай облысының тұрғыны өлі күйінде Тобыл өзенінен табылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдары мәлім еткендей, анасы тамыз айының соңында 26 жастағы ұлының із-түссіз жоғалып кеткенін хабарлаған.
31 тамыздан бері тәртіп сақшылары мен еріктілер ер адамды туған ауылынан және жақын маңдағы елді мекендерден іздеген. Іздеу жұмыстарына ондаған адам, қызметтік ит пен дрон жұмылдырылды.
Ақыры ер адамның денесі 6 қыркүйекте өзі тұрған ауылдан 3 шақырым жерде өзеннен табылды.
Алдын ала деректерге сәйкес, марқұмның денесінде зорлық-зомбылық іздері байқалмаған. Оның өлімінің нақты себептерін сараптама анықтайды.
Полиция қызметкерлері іздеу жұмыстарына көмек көрсеткендердің барлығына алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, жақында Теміртауда 50 жастағы адамның мәйіті табылған болатын.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 5 қыркүйек күні сағат 15.30 шамасында “Арселор Миттал Теміртау ” АҚ комбинатында 200 метрлік құдықтан денесінде зорлық-зомбылық белгісі бар, бұрын жоғалғандар санатында болған 50 жастағы қала тұрғынының мәйіті табылған.
Сондай-ақ қыркүйек айының басында оңтүстік астанада жоғалып кеткен тоғыз жасар Месут Мырзақұловтың аман-есен табылғанын хабарлаған болатынбыз.
Жеткіншек 2020 жылдың 1 қыркүйегінде сағат 13:00 шамасында Медеу ауданында орналасқан үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған болатын. Балақайдың үйден шығып, әжесі жұмыс істейтін №33 мектепке барғаны бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеу барысында анықталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873367-iz-tssiz-zogalgan-26-zastagy-kostanajlykty-denesi-tobyl-zeninen-tabyldy/