"Мемлекеттен бөлінген қаржы қайда кетті?": Дания Еспаева білім министріне шүйлікті
Опубликовано:

Парламент мәжілісінің депутаты Дания Еспаева қашықтан оқытуға байланысты туындап жатқан мәселені көтеріп, бөлінген қаржының қайдан кеткенін сұрады деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
"Жазда білім министрі Аймағамбетов жаңа оқу жылында қашықтан білім беру жағынан қиындық болмайды деп сендірген. Алайда "Ақжол" фракциясының депутаттары өңірлерді аралап шыққаннан кейін шілде айында министрге тағы үндеу жолдап, жағдайдың түзелмегенін жеткізген", - деді Еспаева мәжілістің жалпы отырысы кезінде.
Халық қалаулысының сөзінше, көпбалалы отбасылардың балалары бір смартфонға таласып, сабақ оқып жүр екен. Одан бөлек, көптеген елді мекендерде интернет те жоқ.
"Шалғай жатқан елді мекендер былай тұрсын, тамыз айында Қаскелең қаласының ата-аналары интернеттің жоқтығын айтып, шағымданды. Олар Алматы қаласынан небәрі 24 шақырым жерде тұрады. Жаңа оқу жылы басталған уақытта әлеуметтік желілерде осыған ұқсас мәселелер көбейіп кетті. Сонда мемлекеттен бөлінген қаржы қайда кетті?", - дейді Еспаева.
Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылдан бері білім беру саласына республикалық бюджеттен шамамен 28 миллиард теңгеге трансферттер бөлінген.
Соның ішінде 6 152 мектепке мультимедиялық құрал-жабдықтарды сатып алуға - 12 миллиард теңге, 7 160 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге - 16,5 миллиард теңге, бұдан бөлек, цифрлық білім беру ресурстарына қосылу үшін қыруар қаржы жұмсалған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысы Іле ауданына қарасты Көкқайнар ауылының бір топ тұрғыны елді мекендегі интернет пен ұялы байланыс желісінің нашарлығы және жол сапасының тым төмендегін айтып, шағымданған болатын.
Сонымен қатар, Атырау облысы Мақат ауданы Ескене және Таскескен елді мекенінің оқушылары ұялы байланыстың машақаты салдарынан үй шатырына шығып оқуға мәжбүр екенін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873382-aksa-kajda-mzilis-deputaty-bilim-ministrine-sjlikti/