"Той-томалақты қойдық": Атыраулықтар коронавирус не үйреткенін айтып берді
Опубликовано:

Атырау қаласының тұрғындары коронавирус пандемиясы нені үйреткенін айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақ Жайық газетіне сілтеме жасап.
60 жастағы Абай Ғалимов індет уақытысында ең басты байлық денсаулық екенін түсінгенін алға тартты.
"Енді денсаулығымды күтуге тырысып, үнемі маска тағып жүремін, антисептик пайдаланамын, әлеуметтік қашықтықты сақтаймын. Туыстарымыз да осылай жасайды. Үлкен шараларға бармайтын болдық, өзіміз де той-томалақ ұйымдастырмаймыз, тіпті, үйі-ішінде де. Егер аяқастынан бір нәрсе болса немесе маңызды себеппен 15 адамнан аспай, бас қосамыз, - дейді ол.
Ал Лиза есімді атыраулық сөзінше, коронавирус өмірімізге кері әсерін тигізген. Ол көп дүкен табысынан айырылғанын жеткізді.
"Қала тұрғындары сатып алуды азайтты. Мен өзім сауда орталығында жұмыс істеймін, жоспар орындай алмаған соң жалақым да азайды. Одан қалса, карантин де бітпеді, сауда нүктелерін, базарларды, дүкендерді ашып-жауып жүр.
Жұмыс жасай ма, жоқ па, білмей қаласың. Ең алдымен қауіпсіздік үшін қоғамдық көлік жұмысына тыйым салмау керек. Ал жерге қақырып-түкіретін тұрғындарды қатаң жазалап, айыппұл салу керек. Вирус осыдан көбейеді. Карантин мені үнемдеп, қор жинауға үйретті. Әзірге тек азық-түлік қорын жинадым, ақша жинау мүмкін болмай жатыр, - деді әйел.
Сонымен қатар, Атырау қаласындағы агроколледжде жұмыс істейтін Халипа Zoom мен Platonus қосымшаларымен жұмыс істеудің қыр-сырын әбден меңгеріп алғанын жасырған жоқ.
"Карантин уақыты оңайға соқпады. Әріптестеріммен де, студенттеріммен де көптен көріспедім. Қашықтан жұмыс істеу қиын. Бұдан басқа, бізге жаңа технологияларды меңгеруден бөлек, қағаз толтыру едәуір артып, түрлі есептер көбейді. Италияда тұратын қызым мен немерелерімді көрмегеніме бір жыл болды. Пандемия мен қойылған шектеулердің салдарынан билетімді тапсыруға тура келді", - деді мұғалім.
Маска мен антисептиктер, әрине, маңызды, бірақ Ұлжан Ахмедова пандемия өзіне иммунитеттң күтуге: дұрыс тамақтанып, жеткілікті ұйықтап, таза ауада серуендеуге және санитариялық-гигиеналық ережелерді сақтауға үйретті дейді. Осының арқасында оның отбасы коронавирус жұқтырудың алдын алған.
Еске салсақ, соңғы деректерге сәйкес, Қазақстанда өткен тәулікте 73 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталғаны белгілі болды. Жалпы, республика бойынша індетке шалдыққандар саны 106 498 адамға жеткен.
Пандемияның болуы ықтимал жаңа толқынына дайындық ретінде үкімет басшысы Асқар Мамин үш міндет жүктеді. Премьер-министрдің айтуынша, кейбір шектеу шараларын жалғастыру қажет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873388-toj-tomalakty-kojdyk-atyraulyktar-koronavirus-ne-jretkenin-ajtyp-berdi/