Ауласында есірткі заты бар өсімдік өсірген түркістандық ұсталды

Опубликовано:

Гүл1
Көрнекі фото: piqsels.com

Түркістан облысының полицейлері құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсірген ауыл тұрғынын ұстады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі егілген ауланы тауып, күдіктіні құрықтады.

Нақтырақ айтсақ, полиция бөліміне Кентау ПБ-нің ЖПҚ УПИ Бақтияр Журабаевтан Ескі Иқан ауылында жергілікті тұрғынның бірі ауласында сора өсірумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түсті.

Аталған хабарлама бойынша жедел-тергеу тобы толық құрамда шығып, іздестіру жұмыстары жүргізілген. Іс-шаралар нәтижесінде полиция қызметкерлері тұрғынның бақшасынан егіліп, күтіп-бапталған құрамында есірткісі бар алты түп өсімдікті тауып, тәркіледі. Полицейлер барлық алынған түптерді сараптамаға жіберді.

Қорытындыға сәйкес, алынған түптер құрамында есірткісі бар “сора” өсімдігі болып шықты. Есірткі егумен айналысқан тұрғынға қатысты “Ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат” түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.

Полиция бөлімінде қылмыстық кодекстің 300-бабы (Құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жалғасуда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері заңсыз, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді екені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Осы баптың санкциялары екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Еске салсақ, Шалқар АІІБ-нің полиция қызметкерлері 27 тамыз күні "Қарасора-2020" жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу кезінде 45 жастағы жергілікті тұрғынның үйінің ауласында егуге тыйым салынған құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді (қарасораны) заңсыз өсіріп жатқандығын анықтаған.

Оған қоса, бұған дейін Шымкентте өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді қыш құмыраларға еккен 43 жастағы азаматтың ұсталғанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873473-trkistandyk-zigit-aulasynda-esirtki-zaty-bar-simdikti-sirgen/