Жас жігіт сүйіктісіне Қазақ радиосы арқылы ұсыныс жасады
Опубликовано:

Орал қаласының тұрғыны өзінің сүйіктісіне Қазақ радиосы арқылы үйленуге ұсыныс жасады. Осы сәтті көлікте тыңдап отырған ару арқа сүйер азаматына "иә" деп жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Кеше, сәрсенбінің сәтті күнінде Қазақ радиосындағы "Армандастар" көңілашар-сазды бағдарламасын тыңдаған қауым тамаша бір жаңалықты естіп-білген. Бұл кеште таңдалған тақырып "Махаббат қызық мол жылдар" еді.
Тыңдармандар қоңырау шалып, хат жазып махаббаты жайлы тәтті естелігін айтып, аталған тақырыпқа ой-пікірін жеткізген. Студияға қоңырау шалған Ақжан есімді оралдық азамат осы мүмкіндікті пайдаланып сүйгеніне өмірлік жар болуға ұсыныс жасады. Ол тақырыпқа байланысты не ойлайтынын ашық айтып, сүйіктісімен қалай танысқаны жайлы да жеткізді.
"Есімім Ақжан. Сіздерге Орал қаласынан байланысып отырмын. Енді Бүгінгі тақырыпқа келетін болсақ, Өзімнің ұнатқан қызымды 2016 жылдан бері танимын. Біз Орал қаласында Махамбет атындағы Мемлекеттік университетінде бірге оқып, білім алдық! Мінеки қыз бен жігіт болып жүргенімізге 4 жыл болды. Енді осы сәтті пайдалана отырып, Сіздер рұқсат етсеңіздер, Өзімнің Болашақ жарыма үйленуге ұсыныс жасағым келеді" деді жас жігіт.
Белгілі болғандай, осы уақытта Ақжанның сүйіктісі Айжамал көлікте достарымен бірге радио тыңдап келе жатқан екен.
Жүргізушілер жігіттен сүйіктісінің телефон номерін қалдыруды сұрап, сол сәтте бірден Айжамалға хабарласқан.
Ал ару келісетінін болса келісетінін білдірді.
"Дәл осылай ұсыныс жасайды деп күтпедім. Қобалжып тұрмын" деді болашақ қалыңдық.
Бағдарлама жүргізушілері Еламан мен Әсел де осындай сәтке куә боламыз деп ойламағандарын мойындады.
"Біз үшін де тарихи сәт десек те болады" дейді олар.
Тыңдаушының таңданысын туғызып, радио арқылы жүрек сөзін жеткізген Ақжан мен Айжамалға тыңдармандар жылы лебіздерін білдіріп, ақ тілектерін жолдады.
Жүргізушілер екі жасқа Қазақ радиосының негізін қалаған алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының есімін болашақ балаларына беру туралы ұсыныс айтты.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін сүйікті жігітіне "үйлену туралы ұсыныс" жасаған жұлдыздар кімдер екенін анықтаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873635-zas-zigit-sjiktisine-kazak-radiosy-arkyly-synys-zasady-video/