Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Айлық 42500 теңге": Шымкенттегі түрмеде 16 жылдан бері наубайхана жұмыс істеп тұр

Опубликовано:

Наубайхана
Фото: Шымкент ҚАЖД/ NUR.KZ

Шымкент қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты орта және ауыр қылмыс жасаған сотталған азаматтар жазасын өтейтін ИЧ 167/3 мекемесінде наубайхана 16 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда піскен нандарды қаладағы қалған 4 түзеу мекемесіне таратады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

" Еңбек-Шымкент " филиалының 31-телім шебері Нұрсұлтан Сәдібек 7 жылдан бері сотталған азамматтармен жұмыс істеп келе жатыр.

"Сонымен қатар, наубайханада 12 адам 2 ауысыммен жұмыс істеп, тәулігіне 5 мекемеге 2100-2500 бөлке нан жеткізіп береміз. Айлық жалақы мөлшері 42 500 тг, оған қоса атқарылған жұмыстарына қарай тағы да үстеме ақша беріледі", - дейді наубайхана меңгерушісі.

Сотталғандардың барлығы жұмыс берушілермен келісімшартқа отырған. Кейбірі тапқан пайдасын жақындарына жіберіп отырады.

ИЧ 167/3 мекемесінде ең жас жазасын өтеуші 19 жастағы Р.Қырықбай да қазіргі таңда наубайхана ісінің шебері болған. 7 жылға бас бостандығынан айырылған ол балалықпен қателікке ұрынып, сот үкімінің тағайындаған жазасын өтеп келе жатқанын айтты.

Наубайхана
Фото: Шымкент қалалық ҚАЖД/ NUR.KZ
"Бұл мекеме маған өмірде қажет болатын көптеген дүниені үйретті деп нық сеніммен айта аламын. Бүгінгі күнде адал еңбегімнің арқасында нан жабудың қыр-сырын біліп қалдым. Бір қап ұннан қанша нан алуға болатынын, және оған қосылатын қоспалардың мөлшерін ( су , ашытқы,тұз) деген сияқты.  

Еңбегім де өтеусіз қалып жатқан жоқ. Айына 40000-45000тг арасында жалақы аламын. Осы наубайхананың арқасында ата-анама, үй ішіме көмектесемін, мекеменің дүкенінен өзіме қажетті заттарды да алып тұрамын.

Мен осы наубайханада істеп жүрген ісімнің табысты әрі жемісті екенін түсіндім. Адамдар киім кимесе де, нан алады. Осы жерден айыбымды өтеп шыққан соң, уақытымды босқа өткізбей, қоғамға, қоршаған ортаға өз үлесімді қосқым келеді. Және де өзіме " Еңбектің наны тәтті " деген ұстанымды серік еттім", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873678-ajlyk-42500-tege-symkenttegi-trmede-16-zyldan-beri-naubajhana-zmys-istep-tr/