Атырау облысында аудан әкімі орынбасарының жемқорлығы үшін қызметінен кетуі мүмкін

Опубликовано:

шенеунік6
Көрнекі фото: pixabay.com

Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі қоластындағы қызметкері лауазымын асыра пайдаланғаны үшін қызметінен кетуі мүмкін деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, Құрманғазы ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Өркен Тәжібаевқа сот 3 миллион теңгеге жуық айыппұл салған. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметтен шеттетілген. Биыл мамыр айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экс-шенеуніктің қылмысын әшкере еткен еді.

Құзырлы орган мамандарының айтуынша, Өркен Тәжібаев өзінің туысқандарына тіркелген компанияларға артықшылық берген. Сондай-ақ бірнеше рет кәсіпкерлерден түрлі сылтаумен ақша алып, өз қажеттілігіне жұмсаған деген күдікке ілінген.

Қолданыстағы заңға сай, енді Құрманғазы ауданының әкімі өз еркімен отставкаға кету керек дейді департаменттегілер.

"Бұл кісі 8 қыркүйекте арызын берген болатын. Осы 8-қыркүйектен бастап, 30 күнді есептеген кезде барып, үстінен қарайтын жоғары лауазымды адам өзінің шешімін білдіру керек", - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт.

Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаев қазір қызметінде жүр. Телефон арқылы берген сұқбатында орынбасарының заңсыздығы үшін қызметтен кетуге дайын екенін айтқан.

"Орынбасарым сыбайлас жемқорлыққа жол беруіне байланысты сот үкімі шығып, күшіне енді. Өз еркімнен отставкаға беру жөнінде облыс әкімі атына өтінішімді бердім. Бірақ бүгінгі күнге әлі ешқандай шешім қабылданған жоқ. Қазіргі таңда жұмыстамын", - дейді Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаев.

Б. Надирқызы

Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының әкімі Ербатыр Мадияров бұрынғы орынбасарының жемқорлық әрекеті үшін жұмысынан босатылғанын хабарлаған едік.

Сонымен қатар Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталғаны хабарланған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873698-atyrau-oblysynda-audan-kimi-orynbasaryny-zemkorlygy-sin-kyzmetinen-ketui-mmkin/